ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Жақыннан көргіштік

Жақыннан көргіштік (миопия) кезіндекөз алмасының тиісті орталарында жарық сәулелері тым қатты сынады. Бұл сынушы орталар қызметінің күщеюінен де, көз алмасы пішінінің тым сопақ болуынан да орын алуы мүмкін. Нәтижесінде көздің сындырушы жүйесінің фокустық арақашықтығы өзгереді, айқын бейне көздің тор қабығына жетпей, одан біршама қашықтықта пайда болады, ал тор қабыққа түсетін және миға берілетін бейне айқын болмай шығады. Жақыннан көргіштік кезінде адам ұсақ детальдарды жақыннан жақсы көреді, алайда зат алыстаған сайын көруі нашарлай береді.

Себептері:
1.Еңбек гигиенасын сақтамау (затқа жақын отырып, демалыссыз және жарық нашар түсетін жерде көзбен жұмыс жасау);

2. Көз алмасының құрылымымен және ондағы заттар алмасуының ерекше болуымен сипатталатын тектік бейімділік;

3. Көздің шамадан тыс өсуіне тиісті қарсылық көрсете алмайтын әлсіз склера.

Жақыннан көргіштік төмендегідей болып бөлінеді:

Әлсіз дәрежедегі жақыннан көргіштік (қоса алғанда 3,0 D (диоптрийге) дейін),

Орташа дәрежедегі жақыннан көргіштік (3,25-тен 6,0 D дейін);

Жоғары дәрежелі жақыннан көргіштік (6 D жоғары).

Пайда болу уақыты жөнінен бұл сырқат туа біткен (туу бойына анықталады), ерте пайда болған (мектепке дейінгі жаста – 4-7 жаста – пайда болады), жүре пайда болған (мектеп жасында пайда болады)және кеш пайда болған (ересек кезде пайда болады) деп бөлінеді.

Жақыннан көргіштік дәрежесі қаншалықты жоғары болса, көздің торлы қабатына байланысты қиындықтардың туу мүмкіндігі де соншалықты жоғары.

Жақыннан көргіштіктің алдын алу.  

 Қарапайым ережелерді орындау көздің көргіштігін сақтауға және жақыннан көргіштіктің одан әрі асқынбауына көмектеседі: 

  • Кітапты көзге жақын ұстамаңыз, қараңғыда оқымаңыз;
  • Көз қабылдайтын зат арасындағы қашықтық 30 см болуы тиіс. Жарық та аса маңызды. Жұмыс үстелін терезеге жақын, жарық кітапқа кедергісіз түсетіндей етіп қою керек. Мүмкіндігінше, жарық жұмыс істейтін қолға қарама-қарсы жақтан түскені жөн. Яғни солақай болсаңыз – оң жақтан, оңқай болсаңыз – сол жақтан. Жасанды жарық біркелкі, күші жеткілікті болуы тиіс.   

Жақыннан көргіштік деген нақтаманы арнайы кестелердің көмегімен көздің көргіштігін тексерген соң көз дәрігері қояды. Сонымен қатар көз түбі де қаралады. Бұл емшара алдында әдетте науқастың көзіне көз қарашығын үлкейтетін дәрі тамызылады. Жақыннан көргіштік кезінде дәрігерге тұрақты түрде көрініп тұру керек, өйткені реттеуші көзілдірік пен линзаларды ара-тұра ауыстырып тұру шарт. Қажет болған жағдайда дәрігер дәрі-дәрмекпен, аппаратпен емдеуді немесе хирургиялық ем жасауды ұсынады.   

Көздің көргіштігін жақсартуға арналған жаттығулар кешені

  1. Көзді солға және оңға көлденең қозғалту;
  2. Көз алмаларын тігінен жоғары-төмен қозғалту;
  3. Көздерді айналдыра қозғалту: сағат тілінің бағытымен және қарама-қарсы бағытта;
  4. Көздерді жылдам қарқынмен қатты жұмып-ашу;
  5. Көздерді диагоналынан қозғалту: сол жақ төменгі бұрышқа, сосын кері қарай жоғары жылжыту. Екінші көзге де дәл осы секілді жасайсыз; 
  6. Көздерді мұрынға қарату. Бұл үшін кеңсірікке саусағыңызды тақап, көздеріңізді саусақ бойымен тігінен жоғары жылжытыңыз;
  7. Көзді жиі жыпылықтату; 
  8. Көздерді қашыққа қарату. Терезеге жақындап, анық көрінетін, жақын тұрған детальға қараңыз: терезенің ар жағында өсіп тұрған ағаш бұтағына, әйнектегі сызыққа. Әйнекке кішкентай қағаз жапсырып қоюға да болады. Сосын көзіңізді алысқа тастап, барынш алыс тұрған заттарды көруге тырысыңыз.

Жақыннан көргіштік кезіндегі дене жаттығуы

Дене жаттығулары жалпы организмді нығайтады және оның қызметтерін белсенді ете түседі, сондай-ақ көздің склералық қабығын да нығайтады. Қарқыны орташа (тамыр соғысы 100-140 рет/мин) циклды дене қимылы (жүгіру, жүзу, шаңғы тебу) қан айналымына жағымды әсер етеді, осы арқылы көзге қанның ағуын күшейтеді, цилиарлық бұлшық еттің жұмыс қабілетін арттырады.

Әлсіз дәрежедегі жақыннан көргіштігі бар балалар негізгі топқа жатқызылады және дене шынықтырумен шұғылдана алады. Спорттық ойындар пайдалы: волейбол, баскетбол, теннис. 

Орта дәрежелі жақыннан көргіштік кезінде студенттер дайындық тобында дене шынықтырумен шұғылдануы тиіс. Оларға белгілі бір шектеулер бар: 1,5 метрден жоғары биіктіктен секірмеу, ұзақ және қарқынды дене жүктемелері.

Жоғары дәрежелі алыстан көргіштігі бар студенттер тек арнайы медициналық мекемеде спортпен шұғылдану керек.   

Тамақтану.

Тамақ толыққанды болуы тиіс.Біртекті тамақ тәбетті төмендетеді және нашар сіңеді. Ащы, қақталған өнімдерге, етке, шұжықтарға, сары майға тым әуестенбеңіз. Етті тағамға жақсы гарнир – көкөніс. Картоп пен күрішті көкөніспен ғана емес, тұзы аз балықпен немесе қақталған етпен жеуге болады. Сіңімді тамақ жеген дұрыс. Жылумен өңделмеген табиғи тағамдарға басымдық беріңіз. Өсімдік тектес өнімдер күнделікті дәмнің 60 пайызын құрасын.

Жақыннан көргіштікті түзету.  

Бұл сырқат көзілдірік не линзалар көмегімен түзетіледі. Ең қолайлысы және қолжетімдісі, әрине, көзілдірік. Оның пайдалану ыңғайлы, бағасы да қолжетімді. Көзілдірікті тек маманның рецептісімен жасатыңыз. Бірақ оның да кемшілігі бар: бүйірдегі затты көруді бұзады. Ал бұл көлік жүргізушілер үшін маңызды.   

Жанаспалы линзалар көздің көргіштігін көзілдіріктен жақсы түзейді.

Лазерьмен түзету – көздің көргіштігін түзетудің болашағы бар әдісі. Отадан соң науқасқа бейімделу емшаралары, көзілдірік пен линза қажет емес. Бірақ лазерь көмегімен оталаудың шектеулері бар: науқастың жасы 18-ден жоғары болуы тиіс, 40-тан асып кетсе де ота жасаудан бас тартылуы мүмкін. Егер жақыннан көргіштік асқынып бара жатса, оталауға болмайды. Лазерь көмегімен оталау тек көздің көргіштігі тұрақты болғанда жасалады.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть