ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Жемсау

Зоб ежелден келе жатқан аурулардың бірі. Халқымыз оны жемсау деп атаған.

           Бұл аурудың сипаттамасы анық және нақты болуы үшін біз елімізге кең танымал эндокринология маманы, медицина ғылымының докторы, профессор Жангентхан Абылайұлының мына анықтамасына сүйенуді жөн көрдік: «Бізді қоршаған ортада, өсімдіктерде, ет өнімдерінде йод болады,  –  дейді ол. – Сол йод адам ағзасына тамақ, су, ауа арқылы келеді. Егер оларда йод аз болса, қалқанша безінің жұмысы бұзылады. Жалпы, адам ағзасындағы йод шығаратын бір ғана зауыт бар. Ол – қалқанша безі. Қалқанша безі өздігінен йод шығара алмайды, ол сырттан түсетін йодид молекулаларын алып, бір-біріне қосады. Содан келіп гормон, уыт пайда болады. Негізі қалқанша безінің көлемі кішкентай. Оның жұмыс істеуіне қажет уыттардың жетіспеуінен қалқанша безі ұзақ уақыт бойы шамадан артық жұмыс істейді. Содан кейін ол ұлғайып, жарылып кетеді де, жарылған жерде түйме пайда болып, сұйықтық жинала бастайды. Зобтың уытты, уытсыз, уланған, уланбаған, түймелі секілді түрлері осыған байланысты бөлінеді. Егер адам ағзасында йод аз болса, адам өспейді, ақыл-есі де тиісті деңгейде дамымайды. Өйткені, йод адамның ойлау деңгейі жоғары болуы үшін, яғни есте сақтау қабілетінің дамуы үшін қажет ең маңызды дүниелердің бірі. Мектеп жасындағы балаларда, жүкті әйелдерде йод жетіспеушілігі жиі кездеседі. Болашақ аналардағы йод жетіспеушілігінің салдарынан баланың кемістікпен туылу қаупі бар. Сондай-ақ, йод жетіспеушілік жүктілік кезінде темір жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Сол себепті әйелдер арасында қаназдық (анемия) кең тараған. Қазақстандық аналар арасындағы қаназдықтың үлесі 40 пайызға дейін жетеді».

         Ал енді қалқанша безіне қатысты аурудың тағы бір түрі – жайылмалы уытты жемсау. Бұл қалқанша безінің шамадан тыс жұмыс істеуінен пайда болатын жемсаудың өте қауіпті түрі. Қазақта оны «бұғақты ұра» деп те атайды. Әрбір улы жемсау жүрек пен жүйке ауруларына әкеп соғуы да мүмкін. Көздің шарасынан шыға шектен тыс бадырайып кетуі осының салдары. Онымен ауырған адамдардың жүйке жүйесі нашарлап, ашуланшақ келеді. Уытты жемсаудың кесірінен әйелдер ұзақ уақыт бала көтере алмауы мүмкін. Адам ағзасында қалқанша безіне қатысты гормондардың шамадан тыс көбейіп кетуінен зат алмасу үдерісі өзгеріп, улану пайда болады.  

         Айтылғандай, көп жағдайда жемсау аста йодтың жетіспеушілігінен пайда болады. Жемсау мен кретинизм ауруы көбінде жердің астыңғы қабатында және су мен тамақтың құрамында йод аз болып келетін таулы аймақтарда жиі кездеседі. Сондықтан таулы жердің тұрғындары үнемі бір тектес тағамдармен, яғни ағзаны жемсауға шалдықтыруға бейім тұратын азықтармен көп тамақтанбағаны абзал. Аталған ауру көп тараған аймақта тұратын адамдардың барлығы асқа йодталған тұзды қосқаны жөн. Ол жемсаудың алдын алады әрі оны емдеп жазатын бірден-бір дәрмек болып табылады. 

         Құрамында йод мөлшері көп теңіз шаян және басқа да теңіз жәндіктері мен өсімдіктерінің жемсауды емдеуге немесе оны болдырмауға тигізетін пайдасы зор. Сол себепті асқа теңіз балдырын қосып отырса зияны жоқ. Жемсау көп тараған аймақта тұратын кісі бұл аурудың белгілері біліне бастасымен қырыққабат пен маниока жеуді тоқтатқаны абзал.

         Аталған ауруға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмекке келсек, онда «Йодидтің» маңызы зор. Ересектерге «йодид-200», балаларға «йодид-50» дәрісін күнде таңертең, тамақтан 20 минут бұрын ішкізген дұрыс. Бұл адам организміне қажетті микроэлемент. Әйелдер жүктілік кезінде йодидті 200 мг дейін қабылдап тұрғаны жөн болар еді. Оны міндетті түрде дәрігермен кеңесіп барып қабылдау керек. Десек те тәжірибеде көп сыннан өткен «йодомарин» дәрісін дәрігер кеңесімен ішкен дұрыс. Ол жемсаудың бірде-бір емі.

         Қорыта айтсақ, қай-қай аурудың да алдын алған абзал. Жемсау белгісі білінсе де, білінбесе де жылына бір мезгіл эндокринолог дәрігерге көрініп тұрған артық болмас еді.

Наргиз Пахирдинова,

дәрігер-эндокринолог.

Ұқсас мақалалар

Закрыть