ДӘРІСІЗ ДАУА

Табиғи дәрумендер

Көкөністердің артықшылығы – олар тез сіңеді, әрі тәніміз зәру дәрумендерді жеткізеді.

Сәбіз. Бұл – адамдар төрт мың жылдан астам уақыт тұтынып келе жатқан ежелгі тамыр жеміс. Құрамындағы каротин адам ағзасына түскен соң А дәруменіне айналады. Бұл дәрумен көздің қалыпты көруі, тері мен шырышты қабаттардың жақсы ахуалы үшін қажет. Майды қоса тұтынса, каротин жақсы сіңіріледі.

Тәтті, нәзік және хош иісті сәбіз ешқашан жалықтырмайды. Ол адамға қаназдықтан, күштің сарқылуынан құтылуға көмектеседі; организмді нығайтып, оны түрлі жұқпалы аурулардан сақтайды; көздің нашарлауын емдейді. Сәбізден әзірленген тағамдар әлемнің көптеген елдерінде құрметке ие.

Дәрігерлер мен аспаздар ашық-қызыл түсті сәбізді ұнатады. Оны күздің алғашқы суығына дейін жинап, құрғақ жерде құмға көміп сақтаған дұрыс.

Диеталық тағамда буға пісірілген сәбіз кең тараған.

Сәбіз шырыны бет терісін әрлендіреді, бала емізіп жүрген әйелдердің сүті көбейеді, ол туберкулездің бастапқы сатыларында, бүйрекке тас байланғанда, жүрек-қан тамыр сырқаттары кезінде пайдалы.

Картоппен салыстырғанда сәбізде ақуыздар аз, алайда сәбізден әзірленген гарнирлер ет пен балық ақуыздарының сінуіне картоптан гөрі жақсы көмектеседі. Десек те, сәбізден әзірленген тағамдарды және шикі сәбізді тым көп тұтынуға болмайды.

1968 ж. «Таймс» журналы қызық дерек жариялады. 48 жасар ғалым Б.Брун сәбіз шырынын шектеусіз ішкендіктен қаза болған. Ол күніне үш-бес литрге дейін ішкен. Осының салдарынан сарғайып, А дәруменінің шамадан асып кетуінен өлген.

Қырыққабат. Әдетте күнделікті дәмге қосылатын көкөністің 25 пайызы – қырыққабат. Алайда тағамдық құндылықтары мен дәмі жөнінен ақбас қырыққабат түрлі-түсті қырыққабаттан, брокколиден осалдау. Оның жақсы тұстары – өнімділігі, ұзақ сақталатындығы, тұздауға, маринадтауға қолайлылығы.

Қырыққабаттың емдік қасиеттері ертеден белгілі. Онда С дәрумені мол – лимон мен апельсиндегі мөлшерден кем емес.

Тұздалған қырыққабат сөлі сүт қышқылына бай, ол, бірқатар ғалымдардың пікірінше, қанты диабеті бар науқастар үшін пайдалы. Балғын ақбас қырыққабат шырыны асқазан мен ұлтабар ойық жарасына ем. Бұл шырынның бауыр мен тоқ ішек сырқаттарына да шипалы екендігі жөніндегі мәліметтер бар.

Туралған шикі және қышқыл қырыққабат асқазан сөлінің бөлінуін күшейтеді, тәбетті ашады, ас қорытуды, ішек жұмысын жақсартады. Қышқыл қырыққабат созылмалы диспепсия мен цинганың алдын алады.          

Қырыққабатты тұз байлану сырқаты, іш қату кезінде жеңіл іш жүргізетін және несеп айдайтын құрал ретінде тұтынады. Халық емінде қант қырыққабаттың қант қосылған жаңа шырыны қақырықты сұйылтып, тамақтың қарлығуын жояды, жөтелді жеңілдетеді деп есептеледі. Ол сондай-ақ микробтарға және қабынуға қарсы әсерге ие.

Қырыққабат сөлін көкбауыр сырқатында, сарғаю кезінде ішеді. Ал оған қырыққабат дәнін қосса, ұйқысыздықты емдейді. Бұл дәндердің өзі ішек құртына қарсы әсер етеді. Шырыны семіздік, қантты диабет кезінде пайдалы. Ол тәннен холестеринді шығарады, демек атеросклероздың алдын алады.

Халық медицинасында қырыққабаттың қолданылу аясы кең. Жапырақтарының сүтте қайнатылып, кебек қосылған қайнатпасы сулы экзема, мысқыл ауруы кезінде ем. Қырыққабаттың туралған жаңа жапырақтарына жұмыртқаның ағын қосып, іріңді жараларға, күйіктерге, созылмалы ойық жараларға таңуға болады. Тамақ ауырғанда су қосылған шырынымен тамақ шаюға болады.

Асқабақ пен  кәді. Асқабақ пен кәдіден әзірленген тағамдар өте пайдалы. Олардың құрамында өсімдік жасұнығы салыстырмалы түрде азырақ, ал суы көбірек. Осының арқасында бұлар асқазан мен ішекті қатты қоздырмайды. Бұған қоса организмдегі артық суды сыртқа шығарады. Асқабақ пен кәдіде калий тұздары мол. Асқазанның сары түсті болуы оның құрамындағы каротиннен.

Асқабақ езбесі, сүтке пісірілген асқабақ пен тары ботқасы, асқабақтың шикі шырыны емдәмдік тағамға жатады. Бұлардың бәрі өт айдағыш, тәндегі артық сұйықтықты сыртқа шығарушы әсерге ие, сонымен бірге ішекті сауықтырады, қаназдықты, жарақаттарды, күйіктерді, жұқпалы ауруларды емдеу мен алдын алуда пайдалы. Асқабақ езбесін қантты дибет пен семіздікке шалдыққан науқастарға ұсынуға болады, өйткені оның құрамында көміртегі аз және қуаттытылығы да төмен.

Қабығы сұр-жасыл түсті асқабақтардың дәндерінің құрамында алколоидтар бар, соның арқасында бұлар ішек құрттарын жояды, ішекте аскаридалардың пайда болуына тосқауыл қояды.       

Әрбір дені сау адамға күріш пен жұмыртқа қосып пісірілген асқабақ, асқабақ-алма пудингі, асқабақ, қауын, алма, лимон әзірленген салаттар пайдалы. Дәрігер рұқсат етсе, бұларды емдәмдік мәзірге де қосуға болады. Алайда іш қатты желденетін ішек сырқаттарында, сондай-ақ асқазанның созылмалы аурулары асқынғанда, асқабақтан дайындалған тағамдарды абайлап тұтынған жөн. Асқабақты күйік, бөртпе, экзема кезінде сыртқа қолдануға болады.

Кәдіден әзірленген тағамдар – айқын және жасырын ісінулер кезінде артық сұйықтық шығаратын тамаша құрал. Олар сонымен қатар қаназдыққа қарсы, ішек перистальтикасын және өт қалтасының босатылуын ынталандырушы әсерге ие. Емдәмдік тағам ретінде көбіне кәдіден әзірленген құймақтар, суфле, оның қаймақ қосып пешке пісірілген, ішіне піскен ет пен күріш салынған түрлері ұсынылады. Әрине, бұлар сау адамдарға да пайдалы.

Кәдіде асқабақпен салыстырғанда қант азырақ, есесіне минералды тұздар, майлар мен С дәрумені көбірек. Бұдан өзге кәдіде мыс мол. 

Бұрыш. Қызыл бұрышты үндістер тұз орнына пайдаланған. Алғашында ол Антиль аралдарында, Бразилияда, оңтүстік Африка елдерінде өсірілген, кейін Еуропа елдеріне тараған.

Бұрыштың екі түрі бар – ащы және тәтті. Ащы бұрышты тұздықтарға, сорпаларға, етті тағамдарға қосады. Оны құрғақ, ұнтақталған күйінде де пайдаланады. Ол тағамға ерекше дәм береді, тәбетті ашады.

Қызыл бұрыштың негізгі құндылығы – аскорбин қышқылының молдығында. Құрамындағы С дәруменінің мөлшері жөнінен ол көкөністер ішінде бірінші орында. Тәтті бұрышта организм үшін бағалы каротин (ол әсіресе қызыл тәтті бұрышта мол), А провитамині, В1, В2, РР дәрумендері бар.

Бұрышта С дәрумені цитрустаран 6 есе көп. Біз білетіндей, көкөністерді жылумен өңдеген кезде ондағы пайдалы заттардың біршамасы жойылады. Сондықтан тәтті бұрышты шикілей жеген жөн. С дәрумені қалбырланған бұрышта да көп.

Тәтті бұрыш қосылған ас жоғарғы тыныс алу ағзаларының ауруларын, мысалы бронхитті, ларингитті, жіті респираторлық ауруларды емдеуге сеп.

Балғын тәтті бұрыш шикі күйінде де, пісірілген күйінде де пайдалы.

Қызанақ. Қызанақты ұзақ уақыт сәндік өсімдік ретінде өсірген.

Бұл көкөніс қан жасауға көмектеседі, өт жолдары мен ішек перистальтикасын ынталандырады, оларды сауықтырады, тәндегі артық сұйықтықты шығарады. Қабығы алынған не алынбаған қызынақ жеке өзі де, ет пен балық тағамдарына қосымша ретінде де дәмді.

Көміртегі мен қуаты аз өнім ретінде ол қантты диабет пен семіздікке шалдыққан науқастардың күнделікті мәзіріне ұсынылады. Томат шырыны да көптеген пайдалы қасиеттерге ие. Томат шырыны мен езбесіне тұз көп қосылатындықтан ғана олар емдәмдік мәзірге онша қосыла бермейді.                              

Дәрумен жетіспегенде қызанақтың өзі не шырыны аса пайдалы. Асқазанның ойық жарасы кезінде жаңа әзірленген томат шырынын ішкен жөн. Ол сондай-ақ жыныс бездерінің қызметін ынталандырады. Соңғы жылдары биохимик ғалымдар қызанақтың тағы да тамаша қасиеттерін ашты. Оның құрамында ликопин деген зат бар екен. Ликопин бета-каротиннен 3 есе белсенді көрінеді. Ол жоғары антиоксиданттық белсенділікке ие. Кейбір елдерде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар қызанақты көп тұтынатын адамдар қуық асты безі мен сүт безі обырына сирек шалдығады деген қорытындыға келді. Ликопин сонымен қатар қандағы холестериннің деңгейін 10-15 пайызға төмендете алады. Оның диабеттік ретинопатия кезінде көзге жағымды әсер ететіндігі туралы да мәліметтер бар.     

Белгілер (тэгтер)
Закрыть