ДАСТАРҚАН

Қаусырма

Бадам салынған қаусырма

Құрамы: 1 кесе ұн, 150 г сары май, 3 ас қасық қант, 3 жұмыртқаның сары уызы, 1 кесе павидло, ортасына салуға – 1 кесе қант, кесенің ¾ бөлігіндей бадам, 3 жұмыртқаның ағы, ваниль қанты (ұнтақтың 1/3 бөлігі).

Салқын сары майға ұн салынып, май пышақпен ұсақтап кескіленеді де, сары уыз бен қант қосылып, қамыр иленеді. Қамыр  25-30 минуттай салқындау жерге қойылады да, 1 см қалыңдықта жайылады. Жайылған қамыр майланып, ұн себілген пішіннің түбіне орналастырылады, үстіне біркелкі етіп павидло жағылып, бадам қоспасы аударылады. 180-200ºС температурада  пісіріледі. Дайын қаусырма жылылай төртбұрыштап кесіледі.

Бадам қоспасын дайындауға жұмыртқаның ақ уызы әбден көпіршігенше шайқалып, ұнталған бадам, қант және ваниль қанты араластырылады.

Өрік салынған қаусырма

Құрамы: 3 кесе ұн, 1 кесе қант, 200 г сары май, 4 жұмыртқаның сары уызы, ширек шай қасық сода, 2 ас қасық қаймақ.

Жұмыртқаның сары уызы қантпен әбден көпіршігенше шайқалып, жұмсартылған май мен қаймақ қосылады да, үздіксіз араластырыла отырып, сода қосылған ұн себіледі. Иленген қамыр 20-30 минуттан соң 0,5 см қалыңдықта жайылады да пішінге немесе табаның түбіне салынады. Жиегіне жұмыртқа жағылып, шеті көтеріледі.

Қаусырма сарғайғанша пісіріледі, нәлбекке (тарелка)аударылып, өрік қоспасы толтырылады. 4 жұмыртқаның ақ уызы мен қанттан ақуызды крем дайындалады, конус қалтаға құйылады.

Күлше пісірілген пішінге майланған қағаз төселіп, тор секілді етіп ақуыз крем жағылады. Пісірілген тор пішіннен алынып, қағаздан босатқан соң қаусырмаға орналастырылады да, бетіне қант ұлпасы себіледі.

Алхоры қаусырмасы

Құрамы: 6 кесе ұн, жарты кесе қант, 2 кесе қаймақ, 4 жұмыртқа, 250 г сары май, жарты шай қасық сода, жарты шай қасық тұз, ортасына салуға – 1 кг алхоры, 1 кесе қант.

Иленген қамыр 25-30 минуттай салқын жерге қойылады да екіге бөлінеді.

Бір бөлігі 0,5 см қалыңдықта жайылып, майланған металл табаға салынады да, қолмен тегістеледі. Содан соң сүйегінен ажыратылып, екіге бөлінген алхоры қамыр бетіне салынып, қалың етіп қант себіледі. Қалған қамыр жайылып, жалпақтығы 0,5 см жолақтар кесіледі де сол жолақтармен қаусырманың бетіне тор көз, шетіне жиек жүргізіледі.

Қаусырмаға былғанған жұмыртқа жағылып, 180-200ºС температурада 20-25 минут пісіріледі. Дайын тағамға қант ұлпасы себіледі.

Алма қаусырмасы

Құрамы: 3,5 кесе ұн, 200 г сары май, 3 жұмыртқа, жарты кесе қант, 1 кесе қаймақ, 2 ас қасық тәтті айран, жарты шай қасық тұз, жарты шай қасық сода, 1 кг алма, 1 ас қасық ұнталған даршын, 1 кесе мейіз.

Қамыр иленіп, 30 минуттай салқын жерге қойылады. Алманың қабығы аршылып, ірі үккіштен өткізіледі де ұсақтап туралады. Қамырдың жартысы 1 см қалыңдықта жайылып, майланған металл табаға салынады. Оған дайын алма салынып, ұнталған даршын және мейіз араласқан қант себіледі. Содан соң қамырдың қалғаны жайылып, жолақ етіп кесіледі де, қаусырманың бетіне тор көз жүргізіледі. Жұмыртқа жағылып, 180-220º температурада 25-30 минут пісіріледі.

Белгілер (тэгтер)
Закрыть