ИСЛАМ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ

Жасанды ұрықтандырудың үкімі

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ, әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қолдан ұрықтандыру дегеніміз ер кісі мен әйел табиғи жолмен өздігінен ұрықтана алмаған жағдайда әйелдің жұмыртқа жасушасы мен ер адамның ұрығын арнайы медициналық түтікшелер көмегімен біріктіріп ұрықтандыру. Ұрықтандырылған бұл зигота артынша әйел жатырына салынады. Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастыруға болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырында жүзеге асады. Ал, сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа жасушасы арнайы түтікшелерде жүзеге асады. Бірақ екі жағдайда да бала жатырда өсіп, дамиды.

  1. Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі. 

а) Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы өндіру. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады.

ә) Әйелді күйеуінен өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де, жасанды жолмен де ұрықтандыра алмаған жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмағанда жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын банкте Нобель сыйлығының иегері, т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарына қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса, сол каталогтан керегін таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы.

б)Әйелдің жатыры бала көтеруге қабілетті, бірақ жұмыртқа жасушасында бір кінәрат туындай қалған жағдайда жасалатын тәсіл.Бұл көріністе күйеуінің ұрығын бөгде әйелдің жатырына табиғи немесе жасанды жолмен салады. Арада бес күн өтісімен дәрігер ұрықтанған жұмыртқа жасушасын алып, өз әйелінің жатырына салады. Мұның үкімі харам. Өйткені ұрық күйеуіне тиесілі болғанымен жұмыртқа жасушасы бөтен әйелдікі.

2. Сырттай ұрықтандыру тәсілі.

Бұл әдіске жүгінудің негізгі себебі әйелдің қынап түтікшелерінің бітеліп қалуынан және ер адам ұрығының әлсіз болуынан туындайды. Сырттай ұрықтандырудың да бірнеше түрі бар.

а) Ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жұмыртқа жасушасы арнайы зертханаларда сырттай ұрықтандырылады. Кейін жұмыртқа жасушасы оның иесінің жатырына енгізіледі. Бұл тәсіл арқылы сәби сүюге шариғатта рұқсат етілген. Өйткені ұрық күйеуінікі, ал жұмыртқа жасушасы мен зигота енгізілетін жатыр да некелі әйелінікі.

ә) Жұмыртқа жасушасынан айырылған немесе қандай да бір себеппен жұмыртқа жасушалары білінбей қалған әйел күйеуінің ұрығын бөгде бір әйелдің жұмыртқа жасушасымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, соңынан өзінің жатырына енгізеді. Бұл әдіс шариғатқа қайшы. Себебі күйеуінің ұрығы бөгден әйелдің жұмыртқа жасушасымен ұрықтандырылды. Бұл тектің бұзылуына жол ашады.

б) Арасында некесі болмаған ер мен әйелдің ұрықтарын арнайы зертханада сырттай ұрықтандырып, үшінші бір әйелдің жатырына салу. Бұл жағдайдағы үш адам да бір-біріне бөтен. Жоғарыда баяндалған көріністе ұрық күйеуіне тиесілі, жатыр әйеліне тиесілі бола тұра оған үшінші жақтың араласуына шариғат тыйым салған. Мұның да үкімі харам.    

в) Әйелінің жұмыртқа жасушасын бөгде ер адамның ұрығымен сырттай ұрықтандырып, әйелдің жатырына салу. Бұл тәсіл күйеуі өздігінен ұрықтандыра алмайтын әлсіз немесе белсіз жағдайда жүзеге асады. Ұрықтандырудың бұл тәсілі де шариғатқа қайшы.

г) Бөгде әйелдің жұмыртқа жасушасын бөтен ер кісінің ұрығымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырған соң, жұмыртқа жасушасы алынған бөгде әйелдің жатырына енгізу. Бұған да шариғатта тыйым салынған.

ғ) Жатыры жарамсыз әйелдің жұмыртқа жасушасын бөгде ер адамның ұрығымен ұрықтандырып, үшінші әйелдің жатырына енгізу. Шариғатымызда бұл тәсілге де рұқсат етілмеген.

д) Бөгде ердің ұрығын бөгде әйелдің жұмыртқа жасушасымен ұрықтандырып, әйелінің жатырына енгізу. Бұл тәсілге де шариғатта тыйым салынған.

ж) Әйелдің жатыры бала көтеруге жарамсыз немесе мүлдем жоқ немесе дене бітімін, денсаулығын бұзғысы келмеген, т.б. себептердің салдарынан ерлі-зайыптылардың ұрықтарын арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, оны басқа бір әйелдің жатырына салу. Бұған да шариғатымызда тыйым салынған.

з) Әйелдің жұмыртқа жасушасын ажырасқан немесе дүниеден өткен күйеуінің ұрығымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, әйелінің жатырына енгізу. Бұл мәселе төңірегінде ғалымдардың арасында пікірталас болғанымен, оған тыйым салған ғалымдардың көзқарасын құп аламыз. Өйткені күйеуінің өлуімен немесе ажырасуымен араларындағы ерлі-зайыптылық құқық тоқтайды.

Үкім.

Жоғарыда баяндалған «іштей» және «сырттай ұрықтандыру» жағдайларында ұрық және жұмыртқа жасушасы ерлі-зайыптыларға тиесілі болса, жұмыртқа жасушасын өз иесінің жатырына енгізуге шариғат рұқсат етеді. Ал мұнан өзге жағдайда тектің сақталмау қаупі туатындықтан шариғатта тыйым салынған. Әрі Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстардан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өз тәніне тиесілі ешбір нәрсені, тіпті ұрықты да салуға құқы жоқ.    

«Иман», №12 (137), 2015 ж., 3-бет

Закрыть