ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Адамзат испан тұмауын қалай жеңді?

«Испанка» (испан тұмауы) аталып кеткен тұмау түрі адамзат тарихында ең көп адам өліміне соқтырған пандемия саналады. 1918-1919 жылдарда белең алған індеттің 18 айында бұл ауруды 550 млн адам жұқтырды. Бұл сол кездегі әлем тұрғындарының үштен бір бөлігі еді.

«Инфлюэнца» құпиясы

Адамзаттың тұмау тәрізді аурумен қай кезде бетпе-бет келгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Тұмауға ұқсас белгілері бар сырқат ежелгі грек авторларының жазбаларында кездеседі. Алайда, егер объективті тұрғыдан алатын болсақ, дәл тұмау деп сипаттауға болатын аурудың нышандары әдебиетте ХVI ғасырда пайда болды.

Ал XVIII ғасырда бұл ауруға екі атау берілді: бізге үйреншікті «грипп» (тұмау) және Батыста анағұрлым танымал болған «инфлюэнца». Және де ХХ ғасырға дейін бұл сырқаттың табиғаты туралы білім өте жұтаң еді. Адамдағы  тұмау вирусының алғашқы штаммы тек 1933 жылы ғана бөлініп алынды. Бұл испан тұмауы пандемиясынан кейін он бес жыл өткен соң жүзеге асты. Дерттің табиғаты туралы нақты білімнің болмауы індеттің соншалықты кең қанат жаюына және өлім-жітімнің тым көп болуына ықпал етті.

Бұл тұмаудың «испанка» аталуы – кездейсоқтық. Испаниядағы аурудың өршу кезеңі 1918 жылдың мамыр айына сәйкес келді және ол туралы газеттерде көп жазылды. Бірақ осымен бір мезетте аталған індет Еуропаның өзге мемлекеттеріне де тарады, бірақ бұл елдердің журналистері болып жатқан жайт туралы тіс жармады. Бұның себебі түсінікті: Испания бірінші дүниежүзілік соғысқа қатыспады және онда (Франция, Германия, Англиядан ерекшелігі) әскери цензура болған жоқ. Ал жанжалға, яғни соғысқа қатысы бар державаларда ауру туралы жарияланымдарға жол берілмеді, өйткені олар халық арасында вирустың ғана емес, даурығудың да туындауынан қорықты.

Канзастағы оқиға     

1918 жылдың 11 наурызында Форт-Райли (Канзас) америкалық базасында қатардағы кавалерий Альберт Гитчелл дәрігерлерге қатты жөтеліп, қалтырағанына шағымданды. Бастапқыда дәрігерлер жауынгерге жай ғана суық тиген деген ойда болды, алайда екі сағаттан соң лазарет дәл осындай ауру белгілері бар солдаттарға лық толды. Ақыр-соңы базада дені сау бірде-бір адам қалмады. Бір апта ішінде бұл дерттен өлгендер саны 500-ге жетті.

Канзастағы індет – «испанканың» тіркелген алғашқы жағдайы. Алайда ауру АҚШ-қа басқа өңірден әкелінген болса керек.

ХІХ ғасырдың соңынан бастап Азияның кедей елдерінен (ең алдымен Қытайдан) жұмысшылар АҚШ-қа жаппай келе бастайды. Індет АҚШ пен Еуропаға жеткенге дейін бірнеше жыл бұрын өршіген, алайда медицина деңгейі төмен болғандықтан оған ешкім назар аудармады деген де нұсқа бар. Мүмкін, АҚШ-қа келген жұмысшылардың кезекті партиясында испан тұмауын тасымалдаушы (немесе бірнеше тасымалдаушы) болған болар.      

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңына қарай көлік түрлерінің дамуы адамдардың алыс-жақынға жүріп-тұруын айтарлықтай жеңілдетті. Мұндай миграция жұмыс қолы мәселесін шешуге мүмкіндік берді, бірақ сонымен қатар аурулардың да «саяхаттауына» жағдай жасады. Испан тұмауының тарап кетуінің тағы бір маңызды факторы – Бірінші дүниежүзілік соғыс, антисанитария, дәрі-дәрмек пен азық-түлік тапшылығы, сондай-ақ әскери іс-қимылдарға байланысты қиындықтар індеттің тарауына қолайлы жағдай тудырды және онымен күресуді мүлде қиындатты.

Америкалық медбике Джози Браунның естеліктерінен: «Бірінің үстіне бірі  қойылған өліктер мәйітханалардың төбесіне тірелді. Ауруларды емдеуге, қызуы мен қан қысымын өлшеуге уақыт жоқ. Науқастардың мұрындарынан қанның қатты кеткені сонша, тіпті маңайларына шашырап жатты».

Жаудың тіміскі әрекеттері

Дәрігерлер таңғалды: ол кезде тұмау тек созылмалы аурулары бар адамдарға, қарттар мен балаларға ғана қауіп төндіретін. Ал «испанка» болса, тепсе темір үзер адамдарға – негізінен 20 мен 40 жас аралығындағыларға қырғидай тиді. Және де оның соққысына төтеп беру мүмкін емес еді: бар болғаны бірнеше сағат ішінде қалтырау пневмония мен қанды жөтелге айналды. Кейде науқастар аурудың қандай да бір айқын белгілерінсіз бір күн ішінде көз жұматын.

Кей адамдар бұны жаман ырымға балап, қорқынышқа бой алдырса, тағы бірі бұған соғыс жағдайындағы қарсылас кінәлі деп есептеді. Германия бактериологиялық қару қолданды деген де қауесет тарады.

Алайда немістердің бұнымен шаруасы жоқ еді. Испан тұмауы Герман империясының тұрғындарын да аямай қырды. Кейін генерал Людендорф тіпті немістердің жеңуіне испан тұмауы кедергі болды деп жазды.

Алясканың жауабы

1919 жылы «испанка» адамзатты жаппай қырды да, кенеттен ғайып болды. Ал ғалымдар оның табиғатын аша алмай, ондаған жылдар бойы бас қатырды. Мұндай індеттің қайталану ықтималдылығы үрей ұялатты.

1997 жылы мамандар 1918 жылы қаза болып, Аляскада мұз астында мәйіті қатып жатқан әйелдің тіндерінен испан тұмауының штаммын алды.

2008 жылы Массачусетс технология институтының Рам Сасисехарана басқарған ғалымдары испан тұмауының ерекшеліктерін анықтадық деп мәлімдеді.       

Жасушаға ену үшін кез келген тұмау вирусы жасушалық мембрана гликандарымен (қанттарымен) байланысуы керек, олар әдетте басқа жасушалардан түсетін дабылдарды қабылдауға жауап береді. Вирустағы осындай байланысуға гемаглютинин молекулалары жауап береді. Испан тұмауының вирусы өкпе эпителийіне өте жақын, яғни туыстас. Сол себепті эпителий жасушалары, тұмаудың басқа штаммдарына қарағанда, тезірек бүлінді. Науқастардағы ауыр өкпе симптомдарына осы жайт себеп болды. Ауру парадоксы – күш-қуаты тасып тұрған, иммунитеті мықты адамдар одан көбірек зардап шекті. Өйткені олардың иммундық жүйесі вирусқа тым қатты соққы беріп, бұның салдарынан иммундық жүйе вирусты ғана емес, зақымдалған жердегі тіндерді де бұза бастады. Бұл зақымдалған иммундық жасушалардың қайта қарқындауына алып келді, тіндердің бұзылуы күшейді, нәтижесінде үдеріс бүкіл тәнге тарады.

Сонымен, испан тұмауына ұқсас індет қайталануы мүмкін бе? Әрине, бәріміз де «жоқ» деген нақты жауап естігіміз келеді. Алайда эпидемилог-мамандар бос уәдені ұнатпайды. Тұмау – өте қауіпті, айлакер жау. Ол үнемі мутацияға ұшырап, кездейсоқ жағымсыз жағдайларға соқтырады. Бірақ адамзаттың медициналық білімдері және мүмкіндіктері өткен ғасырда жаңа деңгейге көтерілді.

Демек, жағдай біз ойлағандай қорқынышты емес. Айтпақшы, 1918 жылы «испан тұмауы» деген диагноз қойылған алғашқы адам – Альберт Гитчелл сауығып, ұзақ өмір сүрді.               

Өзге басылымнан

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть