ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Аяқ неге ауырады?

Аяғыңыз шаршап-шалдығудан ауыруы мүмкін. Бұл ештеңе емес.  Қалпына келеді. Ал ауыру тоқтамай  мазалай  берсе ойланатын жағдай. Мұндайда дәрігерлік тексеруден  өту керек.

Аяқтың ауыруы көп жағдайда қан тамырларының қызметі  бұзылуынан пайда болуы мүмкін.

Эндартериит

Белгісі. Жаяу жүргенде тізе ауырғаны  байқалады. Алғашқы 50-100 метрді қиналмай-ақ жүріп өтесіз, ал онан әрі жүрсеңіз  ауыру сезімі күшейіп, аяғыңыз ұйып қалады. Аздап демалсаңыз ауырсыну басылғандай болады.  Сондықтан біраз жүріп, қайта-қайта  аялдап, тыныс алуға мәжбүрсіз.

Не істеу керек? Тез арада темекі шегуді  тоқтатып, дәрігерге барыңыз. (Өйткені темекі никотині – қан тамырлары  ишемиясының басты факторы болып табылады). Дәрігерлер сізге бірқатар тексеру  кешенін жүргізеді: магниттік-резонанстық томографиядан (МРТ), ангиографиядан, қан тамыр УЗИ-інен өткізеді, қан құрамын анықтайды (оның ішінде  қабыну факторларын зерттейді).

Егер аяқтағы ауырсыну сезімі  күшейе түссе  тез арада  «жедел  жәрдем»  шақыртқаныңыз жөн. Бәлкім бұл ірі ыңғаққа (артерия)  қан ұйып  қалуының  белгісі болар.  Бұл жағдайда  тез қимыл-әрекет  етсеңіз, аяқты сақтап қалуға болады. Ауруды консервативтік және хирургиялық  әдістермен  емдейді. Тіпті қан тамыр пластикасы жасалуы да мүмкін.

Артерияның атересклерозы

Белгісі. Жүргенде, жүгіргенде, баспалдақпен көтерілгенде  балтырдың  бұлшық еттері тартылып қатты ауырады, түнде де мазасызданасыз. Табаныңыз қыста да, жазда да бір жылымайды. Башпайларыңыз жансызданып тұрады.

Не істеу керек? Темекіні тастап, қан тамырлары  оташысына көрініңіз. Аурудың себептерін  анықтау үшін  УЗИ-ден, магниттік-резонанстық  контрастық  аниографиядан  өткізеді.  Уақтылы  емделу аяқты гангренадан және кесіп тастаудан (ампутациядан) сақтайды.

Көктамырдың варикоздық кеңеюі

Белгісі. Ұзаққа созылған аяқ ауруы жұмыс күнінің соңына қарай күшейе түседі. Аяқ дыңылдап, сырқырап, жатқың келе береді.

Не істеу керек? Бұл аурудың алғашқы белгілері білінісімен қан тамырлары  оташысына  барып, қан тамырларды УЗИ-ден өткізіп, сканерлеу керек. Бұл – медицина тілінде допплерография деп аталады. Әрі қарай  емдеу шараларын  дәрігердің өзі жүргізеді.

Трамбофлебит

Белгісі. Балтырдың бұлшық еттері  үнемі ауырып тұрады. Ол бірте-бірте  қызады. Қызарып, ісінеді, қан тамырлары  қатайып, түйіле бастайды.

Не істеу керек? Тез арада қан тамырлары дәрігеріне  көріну қажет.  Үстіңгі және  астыңғы қабаттардағы көктамырларды ұзына бойына қарай тексеріп, қанның ұйып қалу  дәрежесін анықтау және қан тамырдың жарылып кету қаупін байқау үшін ангиосканерлеу  жасатқан жөн. Егер ешқандай қауіп байқалмаса, дәрігер қоюланған  қанды сұйылтатын,  қан тамыр  қабырғаларын  қатайтып, оның түйілген қанның  араластырғыш  қабілетін  арттыратын  препараттарды  белгілейді. Кейде ота жасау немесе қан тамырдың төменгі бөлігіне  кава-сүзгіш қою әдісі қолданылуы мүмкін.

Бөртіп қабыну

Белгілері. Балтыр қатты ауырып, дене қызуы көтеріледі және қалтырап-дірілдеу пайда  болады. Балтыр бұлшық  еттері  қызарады.

Не істеу керек? Жұқпалы аурулар дәрігеріне көрініңіз.  Дәрігер барлық  жұқпалы аурулар  сияқты, бөртпені   антибиотиктермен емдейді. Аурудың жеңіл түрі болса, амбулаториялық  ем қабылдайсыз, орташа және  ауыр түрі  болса – станционарда  жатып емделуге тура келеді. Препараттардан тыс физиотерапия: УФО, УВЧ, магнит, ток, лазер сәулесі қолданылады.

Артроз, артрит

Белгілері. Жүргенде,бір орында ұзақ  тұрғанда  аяқтың  қан тамырлары  деформация беріп,  қатты ауырады. Ауа райы ауысқанда да ауру күшейеді. Аяқтың қан тамырлары аймағының қатты сыздап  ауыруы, ісінуі, қызаруы, қызуы көтерілуі, қимыл-әрекеттің қиындауы сезіледі.

Не істеу керек? Тездетіп ревмотолог дәрігерге көрініп,  екі аяқтың  да қан тамырларын  рентгенге түсіру қажет және  қанның жалпы клиникалық  анализін алу керек. Артроскопия жасату да  артық емес. Емдеу кешенді түрде  жүргізіледі. Дәрі-дәрмекті  пайдаланумен бірге арнаулы ортопедиялық ыңғайластыру, физиотерапия жасату қажет. Ем-дәм ұстау да артық емес.

Қантты диабет

Белгілері. Аяқта қалтырап-дірілдеу (әсіресе  түнде), ісіну, әлсіздік пен ауру сезімі пайда болады. Балтыр терісі  құрғайды, қыши бастайды. Аяқ терісі құмырсқа жүріп өткендей  әсерде болады, шаншиды.

Не істеу керек? Қант мөлшерін  анықтау үшін  қан тапсыру керек. Нәтижесі нашар болса – тез арада эндокринологқа көрінген абзал.

Остеопороз

Белгілері. Балтырдың  қатты ауыруы және аяқтың  қалтырауы  ағзада  кальций жетіспеушілігінің белгісі. 40 жастан  асқан әйелдер,  әсіресе көкшіл көзді ақ сазандай әйелдер (блондинкалар) бұл ауруға  бейім келеді.

Не істейміз? Ағзадағы сүйек тіндерінің беріктігінжәне деңгейін  анықтау үшін  рентгенттік  өлшем – денситометрия жасату абзал. Кальций препараты мен  арнаулы бисфосфонат препаратын  қолдану керек.

Құралай Мырзаханқызы

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть