ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Күріш – күш

Қытай асханасының сырлары

Бүгінде қытай асханасы ешкімге таңсық емес. Алайда біздің кафелердегі тағамдар Қытайдың өзінде ұсынылатын тағамдарға ұқсай бермейді.

Нан орнына    

Қытайдағы негізгі ас – күріш. Егер біз нанды басты тағам санасақ, оларда осы дәнді дақыл бірінші орында. Оны күріш пісіретін арнайы ыдыста тұз, май қоспай әзірлейді.

Қытайлықтардың түскі асы әдетте бірнеше тағамнан тұрады: бұл күріш не кеспе, бірнеше түрлі салат, ет (ол көбіне бұрышпен бірге соя тұздығында қуырылады), тофу болуы мүмкін. Дәстүрлі қытай сорпасы сұйық ботқаға ұқсайды. Оған тұз да, қант та, май да қоспайды, құр дәнді дақыл мен судан әзірлейді. Дәмін келтіру үшін сорпамен бірге дастарқанға тұзды, қышқыл, тәтті, ащы тағамдар қойылады. Қытайлықтардың бәрі қызыл бұрыш пен соя тұздығын жақсы көреді. Дәстүрлі тұздықпен қатар сіркесу, күнжіт, май қосылған, сұйық, қою түрлері бар.

Піс, қазаным!    

Көп мейрамханаларда асты негізінен хуогуода әзірлейді. Бұл қытайшадан аударғанда – «отты ыдыс». Бұл өздігінен қызатын кәстрөл әр қонақтың алдына қойылады. Осы ыдысқа мейрамхананың әрбір қонағы өзіне қажетті азық-түлікті салады: көкөніс, саңырауқұлақ, түшпара, тофу. Піскен соң оларды дайын тұздықтарға малып жейді.

Қытайлар азық-түліктердің түс үйлесімдігіне ерекше мән береді. Түстері сәйкес келмейтін өнімдер ешқашан бірге дайындалмайды және дастарқанға ұсынылмайды. Қытайлардың пікірінше, бұл адам денсаулығына зиян. Мысалы, асшаян қызанақпен, сырамен үйлеспейді. Қытай дәрігерлері асшаян мен сыраны қосып тұтыну буындарға зиян деп есептейді. Тағы бір нашар үйлесім – саумалдық пен тофу. Араластырып жеген жағдайда бұлар организмнен кальцийді шығарады.

Қытайдың басты құралы – жылы су құйылған термос. Олардың пікірінше жылы су ішу өте пайдалы. Бұл организмді жасартады, зат алмасуды шапшаңдатады және қалдықтарды сыртқа шығарады.

Ыстықтай, сәл піспеген күйде

Қытайда тағамды артығымен әзірлеу деген жоқ. Ас бір отырғанда желінетін мөлшерде ғана дайындалады. Сондықтан қытайлардың тоңазытқышынан дайын ас таба алмайсыз. Онда тек шикі ет, қамыр, көкөніс тұрады. Нан буға пісіріледі. Ол нәзік, дәмді болады.

Тағы бір маңызды ереже – көкөністерді тым қатты қуыруға болмайды. Құрамындағы пайдалы заттар сақталу үшін сәл шикі болуы тиіс.

Шипалы түстер

Қытай асханасы – ем. Мәселен, қытайлардың ұстанымы бойынша, қызыл не қою қызыл түсті көкөністер (қызыл бұрыш, қызыл алма, қызылша) жүрекке пайдалы. Жасыл, көгілдір не көк түстілері (қырыққабат, қияр, көкжидек, т.б.) бауырға шипа. Сары түсті азық-түліктер (банан, апельсин) көкбауырға демеу. Ақ түстілері (саңырауқұлақ, гүлді қырыққабат) өкпеге, ал қара түстілері (баялды, қара жүзім) бүйрекке пайдалы.

Маусымға қарай

Тағамның дәмі де маңызды. Дәм біздің ағзаларымызға әсер етеді екен. Мәселен, аш ішектің жақсы жұмыс жасауына және қан мен жүрекке ащы өнімдер пайдалы. Бауырға қышқыл жақсы. Бірақ жазда қышқыл тағамдарды жеуге болмайды, өйткені бұл кезде бауыр қызметі баяулайды. Көкбауыр тәттіні, өкпе ащыны ұнатады. Бүйректер сау болса, оларға тұзды тағам пайдалы. Бірақ тұздың тым көп болуы буындарға зиян екенін естен шығармау керек.

Егер қытайлар үшін азық-түліктерді түсіне, дәміне және түріне қарай үйлестіру оп-оңай болса, біз үшін бұл аса қиын шаруа. Жоғарыда айтылғандай, қышқыл тағам бауырға пайдалы, алайда көкбауырға зиян. Ал көкбауыр бүкіл организм жұмысын тепе-теңдікте ұстайды. Тым ащы тағам жүйке жүйесіне зиян. Көктемде бауыр жұмысы белсенді болады, сондықтан бұл кезде оған қышқыл ас қажет. Бірақ бәрінің де шамадан асып кетпеуіне назар аудару қажет. Әйтпесе қышқыл тағам көбейіп кетсе, көкбауыр зардап шегеді.

Жазда ащы өнімдер көлемін ұлғайтып, жүрек жұмысын демеу керек. Бірақ ащы тым көбейіп кетсе, өкпеге зиян. Күзде өкпеге күш беру үшін тағамға ащы қосыңыз. Бауырға бұл кезде қышқыл пайдалы.                  

Қыс – бүйректердің мезгілі. Демек, ащылау ас әзірлейсіз. Бірақ тұз тым көп болып кетпесін, әйтпесе жүрекке зиян.

Қытайлар: «Ас – дәрі. Дұрыс тамақтанбасаң, ауырасың» дейді. Бұл қазақтың «Ауру – астан» деген тәмсіліне сайма-сай. Қытайдың бұл дәстүрін бізге толықтай игеру мүмкін де емес шығар. Десек те бұл мақаладан оқырманымыз аз да болса денсаулыққа себі бар пайдалы кеңестер алды деп сенеміз.

Өзге басылымнан әзірлеген Ұ.Қаназ

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть