ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

МРТ кімге қажет?

Магниттік-резонанстық томография (МРТ) – көптеген сырқаттар кезіндегі зерттеудің маңызды бөлігі.

Әдістің мәні

Бұл зерттеу әдісі ағзалар мен тіндерге магниттік өріспен әсер ете отырып, олардың жағдайына баға беруге мүмкіндік береді. Құралдың әсер ету қағидасы ядролық-магниттік резонанстың күрделі физикалық құбылысына негізделген. Шараның нәтижесінде бірнеше қабат сурет түсіріледі, олар тәннің зерттеліп отырған бөлігінің құрылысы мен ондағы өзгерістер туралы ақпарат береді.

МРТ ми мен жұлынның, омыртқаның, буындардың, жүрек пен тамырлардың, кейбір іш қуысы мен кіші жамбас ағзаларының патологияларын анықтауға мүмкіндік береді. Алайда бұл әдіс сүйектерді, өкпені, асқазан мен ішекті зерттеуге қолданылмайды.

Кей жағдайларда МРТ контрастылық заттың көмегімен жүргізілуі мүмкін. Ол тіндердің құрылымын анағұрлым нақты зерттеуге мүмкіндік береді.

Зерттеу барысы

Зерттеу алдында металл заттарды және металл ілгектері бар киімдерді шешу керек. Зерттеу кезінде пациент үстелде жатады, ол үстел магниттік өрісі бар сканерге жылжытылады. Егер қажет болса, дәрігермен арнайы құрылғы арқылы сөйлесуге болады.

МРТ жұмыс барысында шуылдайды, бұл жағымсыз сезім тудыруы мүмкін. Сондықтан пациентке құлаққап беріледі.

Шара 30 минуттан 60 минутқа дейін созылады. Пациенттің басты міндеті – зерттеу барысында қозғалмай жату. Түсірілген бейнелердің сапасы осыған байланысты. Қозғалмау үшін кейде таспалар мен белдіктер түріндегі арнайы фиксаторлар қолданылады. Алайда томографта ұзақ жата алмайтын пациенттер болады. Ең алдымен бұлар – балалар мен ұзақ жату қатты ауырсыну әкелетін науқастар. Бұндай науқастарға МРТ наркоз арқылы жүргізіледі.

Дайындық

Көп жағдайда арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Тек құрсақ қуысы ағзалары зерттелгенде шарадан 5 сағат бұрын ас пен сусыннан бас тарту керек. Кіші жамбас мүшелері ағзаларын қуық толып тұрғанда жасайды.

Егер наркоз қолданып МРТ жасау жоспарланып отырса, шара жасалатын күні денеге арналған косметикалық құралдарды қолдануға болмайды. Олар пациенттің жағдайын бақылап отыру үшін бекітілетін датчиктердің денемен жанасуына кедергі келтіруі мүмкін. Наркозбен зерттеу ашқарынға (шамамен 9 сағат бойы тамақ жемеу керек) жүргізіледі.

Әйелдердің сүт бездерін және кіші жамбас ағзаларын зерттеу етеккір айналымының 5-12-күнінде және гормондық препараттар қабылдауды  тоқтатқаннан кейін кемінде бір ай өткен соң жүргізіледі.

Қауіпсіздік

МРТ – қауіпсіз зерттеу. Сондықтан оны қажет жағдайларда жиі жасатуға болады.      

МРТ жасауға көрсетімдер:

  1. Пациенттің шағымдары болған жағдайда, ауруын нақтамалау үшін. Бұл шағымдарға бастың ауыруы, құрыспалар, көзге қос көріну, арқаның ауыруы, буындардың ауыруы және қимылсыздығы, мұрынның бітелуі жатады.
  2. Инсульттен кейін мидың жағдайын бағалау.
  3. Кейбір оталарға дайындау және отадан кейін науқастың жағдайын бақылау.  
  4. Ақпаратты анағұрлым аз беретін кейбір әдістерден (рентген, маммография, УДЗ) кейін нақтаманы анықтау.   

МРТ жасауға қарсы көрсетімдер:

Егер науқастың денесінде металл элементтер немесе құрылғылар болса, МРТ жасалмайды. Өйткені магниттік өріс әсерімен олар істен шығуы, ең бастысы, қоршаған тіндерді зақымдауы мүмкін.

Бұл санатқа төмендігілер жатады:

  • кардиостимуляторлар;
  • буындардың эндопротездері;
  • сүйектердегі штифтілер;
  • имплантталған есту аппараттары;
  • тіс импланттары, металл-керамикадан жасалған тіс қаптамалары, сондай-ақ жатырішілік спираль.
  • Жүктіліктің алғашқы триместрінде МРТ тек қана шұғыл жағдайларда, яғни әйелдің денсаулығы мен өміріне қауіп төнгенде жасалады. 2 және 3-триместрлерде негізделген көрсетімдер болған жағдайда ғана жасалады. Жүктілік кезінде контрастымен МРТ жасауға тайым салынады.
  • Көптеген томографтарда дене салмағы 130 кг-дан асатын науқастарды зерттеуге болмайды.    

Т.Сұлтанқызы, дәрігер-терапевт

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть