ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Құлаққа да күтім керек

Құлақ – есту ағзасы. Анатомиялық құрылымына қарай құлақ сыртқы, ортаңғы және ішкі бөлімдерден тұрады.

Есту мүшесінің қалыпты жұмыс істеуі алдымен тазалық сақтауға байланысты. Ол үшін құлақты сабындап жылы сумен жуып тұру керек. Әдетте, құлақтың сыртқы дыбыс жолының бездерінен құлық бөлінеді. Құлық шаң-тозаң мен зиянды микробтарды ішке өткізбей, корғаныш кызметін атқарады. Дегенмен, құлақта құлық көбейсе, адам естімей, керең болып калуы мүмкін. Сондықтан құлықты тазалап тұрған жөн.

Қатты дыбыс – құлақтың жауы. Біздің құлағымыз 40-45 децибел шамасындағы дыбыстарды қалыпты  қабылдайды. Сағатына 30-40 км жылдамдықпен қозғалатын көлік 55 децибел шамасында, оятқыш қоңырау — 80 децибел, мотоцикл –  85 децибел, рок-концерт – 90 децибел, іске қосылған ұшақ қозғалтқышының қуаты 120 децибел шамасында дыбыс шығарады. Қорғаныш құралдарынсыз олардың жанында біраз тұрсаңыз, құлағыңыз естімей қалуы әбден мүмкін. Ұзақ уақыт бойы әсер еткен жағдайда қарқыны төмен (85 децибелден кем) дыбыстар да қауіп төндіреді.

Адам күні бойы құлаққаппен жүрсе, есту қабілеті күрт нашарлайды.

Құлақты қалай  күту керек? Біріншіден, құлақты аптасына екі рет тазалау ләзім. Кәдімгі мақталы таяқшаларды пайдалануға болмайды, себебі олардың диаметрі  шамамен есту жолының диаметріне тең келеді, сондықтан олар тазартпайды, керісінше құлықты ішке қарай итереді. Сондай-ақ ондағы мақта зарарсыздандырылмаған, микробтар болуы мүмкін. Құлақты тазарту үшін диаметрі 2,5 мм болатын арнайы таяқшаларды пайдалану керек немесе оларды зарарсыздандырылған хирургиялық мақтадан қолдан жасауға болады.

Екіншіден, мұрын мен тамақ қуысын түрлі аурудан сақтаңыз.

Үшіншіден, құлаққапты құлақты сақтайтын құралмен ауыстыруды ұмытпаңыз. Тығындар кез-келген қатты дауыстан қорғайды. Алайда құлақты сақтау құралы құлақтың қатты қышуына әкелуі мүмкін, бұл дыбыс жолдары терісінің тыныстауының бұзылуынан болады.

Есту мүмкіндігіңізді тексеріп тұрыңыз. Шамамен алғанда адам құлағына қолсағаттың дыбысы естілуі керек. Былай да бақылуға болады: біреуді 6 метр қашықтықтан сөйлетіп, оның сыбырлап айтқан сөздерін қайталап көріңіз. Ести алсаңыз, жақсы. Ести алмасаңыз, дәрігерге қаралыңыз.

Тоқыма өндірісінің жұмыскерлері, тегістеушілер, бұрғышылар отораларинголог-дәрігерлердің тұрақты пациенті. Бұл олардың мамандықтарының ерекшеліктеріне байланысты. Бірақ, қазіргі  таңда олардың қатарына оқушылар мен студенттердің де қосылғандығын өкінішпен айтуға болады. Қазір жастар құлаққап арқылы музыканы көп тыңдайды. Зерттеуге сүйенсек, күн сайын бір-төрт сағат бойы үзіліссіз әуен тыңдаған адамның есту қабілеті төмендейді екен, ол бірте-бірте  кереңдікке апарып соғады.

Жұқпалы аурулар да есту қабілетіне  әсер етеді. Тұмау, паротит, қызылша сияқты сырқаттар құлақтың қабынуына соқтырады. Қан тарапынан болатын түрлі ауытқулар да қауіпті. Қан ұюы салдарынан адам керең болып қалуы мүмкін.

Қатты шудан қорғану үшін құлаққап-антифон киіп немесе есту жолдарының пішінін қайталайтын және қауіпті дыбыстардан сенімді сақтайтын силикон тығындар пайдалану керек. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда мақтаны майлап, құлақты тығындауға болады, бұл ағзаны жоғары децибел әсерінен сақтайды.

Көлікте музыка тыңдауға әуес болмаған жөн. Тұмауратып жүрген болсаңыз,  плейерді мүлдем тыңдамаған  абзал.  Қан қысымыңызды үнемі бақылап отырыңыз.          

Ұқсас мақалалар

Закрыть