ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Соқырішек

Көпшілігіміз соқырішек, яғни аппендицит туралы естігенімізбен, ол туралы мағлұматымыз аз. Жедел аппендицит дегеніміз соқырішектің құрт тәрізді өсіндісінің қабынуы. Аппендицит барлық жаста кездеседі және іш-құрсақ ағзаларына жасалатын оталардың 75 пайызын құрайды. Науқастың жасына, дене ерекшелігіне, аппендикстің орналасуына, қабыну сатысына қарай клиникалық белгілері әр түрлі болады.

Бұл сырқат кезінде іштің орташа ауырсынуы үнемі болады, ол уақыт өте күшеюі мүмкін. Қозғалғанда, жөтелгенде ауырсыну күшейеді. Ішті басып байқағанда сырқат кісі оң жақ мықын аймағының ауыратындығын сезеді. Лоқсиды, 1-2 рет құсады, бірақ бұл жеңілдік әкелмейді. Нәжісі көбіне қалыпты, кейде кешігіп (10%) немесе жиі (2%) болуы мүмкін. Кіші дәреті көбіне қалыпты. Дене қызуы 37,5°С, кейде одан жоғары болуы мүмкін. Тамыр соғысы жиі. Тілі құрғақтау, ақ өңезі бар.

Соқырішектің өзіне тән белгілері: 72% – Щеткин-Блюмберг белгісі (оң мықын аймағын басып тұрып тез жіберіп қалғанда қатты ауырсыну), 97% – Ситковский белгісі (сол қапталға жатқанда ауырсынудың күшеюі), сол жақ ішін толқындата басқанда оң жағының ауыруы – Ровзинг симптомдары, қанды зертханада тексергенде лейкоциттердің көбеюі анықталады. Жедел соқырішекті емдеу тәсілі – тек ота. Бұл ауруға жүрдім-бардым қарап, дәрігерге уақытында бармау оның асқынып, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін есте сақтаған жөн.

Нұрлан Абиев, 

дәрігер

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть