ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Жалаңаяқ жүрейік

«Жалаңаяқ жүру пайдалы» дегенді дәрігерлер де, емшілер де  жиі айтып  жатады. Бұл туралы ресми медицина не дейді?

Медицина айтады: егер адам  аяқ киімін шешіп жермен жүрсе, оның бойы жеңілдеп, ағзадағы барлық ауыртпалықтан арылып, тұла бойдағы кері  зарядтардан  құтылып, сергіп қалады. Ортопед, остеопат мамандардың пікірінше,  жалаңаяқ  жүруге дағдылану – денсаулықты нығайтудың бірден-бір жолы. Ең бастысы —  жалаң аяқ жүрген адам май табан ауруының алдын алады және онан арылады екен.

Бұл тақырыпта ел ішінде әралуан пікірлер қалыптасқан. Біреулер таңертең жаңа орылған шөптің үстімен жалаң аяқ шық кешіп жүрген  пайдалы десе, келесі біреулер  тастақ, құмдақ  жермен  жүруді,  үшінші біреулер  тек қиыршық  құмның  үстімен жалаң аяқ жүру тиімді  дегенді меңзейді.

Бұрынғы кезде ауыл адамдары көбінесе жалаң аяқ жүретін. Ал олардың арасында  май табанға ұшырағандарды көрмейтін едік. Ал бүгінде  әскерге шақыртылған жастардың  ең кемі  40 пайызы  майтабанға ұшырауына  байланысты кері қайтарылып жатады. Өйткені қазіргілер  күніне бір мезгіл жалаң аяқ жүрудің өзін ар санайды.

Жалаңаяқ жүргенде табан бұлшық  еттерінің жүйке жүйесі ширығып, оның қызметі күшейе түседі дейді  мамандар. Табанның бұлшық еттері шымырланса, ол майтабандыққа жол бермейді. Өкінішке қарай бүгінгі адамдар жалаң аяқ түгілі жаяу  жүрмейтін болды. Ал мұның соңы табан бұлшық еттерінің өсіп, жалпайып кетуіне  әкеліп соғуда. Кейбіреулер үй ішінде  жалаң аяқ жүреміз деген уәжді айтады. Ал мұның еш пайдасы жоғын олар ескере бермейді. Өйткені  бүгінде үйдің еденіне теп-тегіс линолеум немесе басқа да жасанды тегіс заттар төселетіндіктен олар табанның жүйке жүйесіне әсер  етпейді.

Дымқыл көк шөппен жүрудің пайдасы бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұрыннан көк шөппен сулы шықты басып үйренген адамдарға мұның зияны жоқ. Ал күні бойы кеңседе  шаншылып отырып жұмыс істейтін қалалықтар бір күн ерте тұрып көк шөппен жалаң аяқ жүрсе, сол күні-ақ мұрттай ұшып, ауырары сөзсіз.

Ал маман-дәрігерлер көк шөптен гөрі қиыршық құм пайдалы  екендігін айтады. Майтабанға ұшыраған адам жәшікке толтырылған қиыршық құмды күніне 10-15 минут  басып, екі аяғымен кезек-кезек таптап тұрса ол майтабан ауруынан құтылады. Өйткені табандағы нүктелер қиыршық құмды  басқан сайын  ақырындап «оянып», тіріле  бастайды да, ағзаның барлық жүйке жүйесіне әсер етеді. Себебі қиыршық  құм үгіту, табан  бұлшық еттерінің  жұмысын қалпына келтіреді. Ал орылған шөп қанша дегенмен  табанға жұмсақ тиеді де жүйкеге  онша әсер етпейді. Жалаң аяқ жүрудің тағы бір пайдасы, ол бел омыртқа  шеңберлерінің арасында жарық (грыжа) пайда болуына жол бермейді екен. Дәрігерлердің «жалаңаяқ емін» жиі қолданатыны сондықтан. Үнемі биік өкше (шпилка) киіп жүретін әйел заты да  күніне бір  мезгіл аяқ киімін  тастап жалаң аяқ жүрсе, биік өкшелі аяқ киім  киюден  бел омыртқаға  түсетін салмақ  азайып, денесін жеңіл сезіне бастайды. Иә, биік өкшелі  туфли  адамның белдегі,  аяқтағы  бұлшық еттеріне өте зиян. Мүмкін болса өкшесі аласа, жүруге ыңғайлы жайтабан  аяқ киім  кигенге не жетсін.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть