ҚАПЕРІҢІЗДЕ ЖҮРСІН

Жойылмайтын бактериялар қайдан шығады?

Бір жеріміз ауыра қалса, көпшілігіміз дәрігерге бармай-ақ, өз-өзімізге нақтама қойып, дәріханадан антиботик сатып аламыз да өз бетімізше емделе береміз. Алайда бұл өте зиянды әдет. Антибиотиктерді дұрыс қолданбау салдарынан бактериялар мутацияға ұшырайды да олар дәріге төзімді болып алады. Яғни антибиотиктердің әсерінен кейін тірі қалған бактерияларға бұдан әрі ол дәрі мүлде әсер етпейтін болады. Бұны бактериялар әлеміндегі эволюция үдерісі деуге болады: адамдар мутанттарға қарсы тұра алатын дәрілерді ойлап шығарамын дегенше олар күшейіп, дами береді. Сондықтан баспамен ауырғанда ішкен дәріні келесі жолы дәл солай ауырғанда ішіп жазылып кетуіңіз екіталай. Бұл жағдайда сырқат ұзаққа созылып, асқына түседі, өйткені дәрі әсер етпеген бактериялар организмде «ойына келгенін істейді». Бактерияның жаңа түріне қарсы дәрі шықса жақсы ғой, ал олай болмаса ше? Онда адам өміріне қауіп төндіретін зардаптар ұлғая түспек.

Нәтижесінде антибиотиктерге төзімді сырқаттардың көбеюі бүгінде көптеген елдерде үлкен мәселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антиботиктерге деген төзімділіктің (резистенттіліктің) дамуы кең тараған респираторлық сырқаттарды, жыныстық жолмен жұғатын инфекцияларды, т.б. ауруларды емдеуді қиындата түседі деп отыр.

Еуропада қазіргі уақытта қолданыста жүрген антибиотиктерге төзімді бактериялардан туындаған жұқпалардан жыл сайын 25 000 адам қаза болады.        

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть