КЕРЕК ДЕРЕК

Әйелдер мен еркектердің генетикалық айырмашылықтары

Өз ата-аналарына ұқсау және олардан өзгеше болу – тіршілік иелерінің аса маңызды осы екі қасиеті «тұқым қуалаушылық» және «өзгермешілік»  атты ұғымдардың мәнін айқындайды. Мендель, Морган және олардың бір шоғыр ізбасарлары ашқан генетика заңдары ата-аналар белгілерінің балаларға берілетінін баяндайды.

Тұқым қуалаушылық ақпаратының негізі – ДНҚ – дезоксирибонуклеиндік қышқыл. Әрбір жасушаның ядросындағы хромосомаларға жиналған гендер сол ДНҚ-лардан құралады.

ДНҚ дегеніміз – бір-бірінің айналасында қос спираль болып ширатылған нуклеотидтердің екі тізбегі. Нуклеотидтер – моносахаридтен (рибозадан немесе дезокки – рибозадан), фосфат қалдығынан және азотты негізден тұратын нуклеинді қышқылдардың мономерлері, ДНҚ төрт нуклеотидтен – адениннен (А), гуаниннен (Г), тиминнен (Т) және цитозиннен (Ц) құралады, ДНК молекуласының қосспиральдылығы пуриндік және пиримидандық негіздер (А-Т, Г-Ц) жұптарының комплементарлық өзара әрекеттесуі нәтижесінде пайда болады. Спиральдердің біріндегі адениннің қарсысында екінші спиральде әрқашанда тимин, ал гуаниннің қарсысында цитозин орналасқан. Сөйтіп,  А-Т және  Г-Ц жұптарындағы нуклеотидтер қос қабатты спиральдің бөлек-бөлек тізбектеріне жатады.

Бір ген, шамамен алғанда А-Т және Г-Ц -ның 1000 жұбынан құралады. Әрбір жасушада шамамен 1 млн. ген бар. Барлық гендердің жиынтығы ағзаның генотипін құрайды.

Тұқым қуалаушылық ақпаратының негізгі бөлігі жасуша ядросында хромосом түрінде сақталады. Ақпараттың одан аздау бөлігі митохондриалдық  ДНК түрінде митохондрияларда сақталады. Хромосомдық ақпаратты бала әкесі мен шешесінен бірдей мөлшерде алады, ал митохондриалдық ДНК көбінесе анасы арқылы беріледі, өйткені аналық ұрықта митохондриялар аталық ұрықтағыдан едәуір мөлшерде көп болады, оның себебі, аналық ұрық одан бірнеше мың есе үлкен.

Жердегі тіршілік иелерінің әрбір түріндегі хромосомалар саны қатаң белгіленген мөлшерде болады, тышқанда – 40, шимпанзеде – 48, адамда – 46, т.с.с.  Сонымен қатар, әрбір хромосомдық жиынтықта тек 2 хромосома ғана

ағзаның жынысын айқындайды. Адамның 46 хромосомасының 44-і аутосомдық, ал екеуі жыныстық болып табылады.

Генотиптің арқасында ағза тұқым  қуалаушылық мәліметтердің бүкіл жиынтығына ие болады. Бірақ сыртқы орта (климат, әлеуметтік орта, тамақтану т.с.с.) әртүрлі жолдармен дамушы ағзаның қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан генотип пен сыртқы ықпалдар кешені фенотип деп аталады, ол әрбір жеке адамдағы генотиптің нақты көрінісі болып табылады. Әрбір жасушаның ядроларында (адамның) 46 хромосома болады. Адамның жыныстық жасушаларында (аналық және аталық ұрық) небәрі 23 хромосомадан орналасқан (жиынтықтың жартысы); осы жиынтықтардың әрқайсысында бір жыныстық хромосома болады. Аналық ұрықта әйелдік белгілердің дамуы үшін жауапты Х-хромосома, ал аталық ұрықта сол Х-хромосома, немесе еркектік белгілердің дамуына жауапты Ү-хромосома орналасқан. Егер аналық ұрық  Х-хромосомасы бар аталық ұрықпен ұрықтанса, болашақ бала қыз болып туады. Ал Ү-хромосомасы бар аталық ұрық «жеңсе», ер бала туады.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть