КӨКЕЙКЕСТІ

Қарттар үйі қарияларға толды

Өткен жылғы көктемнің тамылжыған тамаша күндерінің бірі. Жұмыс телефоным шыр ете қалды.

– Бұл Мырзахан ба? – деп сұрады ар жақтағы дауыс. – Мен Серік ағайыңмын ғой.

– Даусыңыздан танып тұрмын, ағай.

– Мырзахан, айналайын, мен қарттар үйінде жатырмын. Бүгін жұмыстан кейін  болса да маған бір келіп қайтшы. Әбден ішқұста болып қиналып жүрмін. Өзіңмен әңгімелесіп, шерімді ақтарсам  жеңілдеп қалар ма екенмін, – деді ағай мұңайып. Бұл кісі менің мектептегі ұстазым еді. Аяп кеттім. Жүрегім шым-шым етіп тілініп түскендей болды.

– Ағай, мен бүгін қалайда барып шығамын. Мекен-жайыңыз қалай еді? – деп сұрадым мен. Ол мекен-жайын айтты.

– Айтпақшы, маған тамақ-самақ әкелемін деп әуре болма. Қарттар үйінде  тамақ тоқ, тек көңіл  ғана орта. Өзіңмен сөйлесіп сол орта көңілді толтырайын деген менікі…

Жұмыстан таксилетіп, айтылған мекен-жайға  жеттім. Қарттар үйінің ауласы көгі мол әдемі саябаққа ұқсайды. Таза, ұқыпты. Ағай сол бақтың көлеңкелеу  жеріндегі  ұзын скамейкада  мені тағатсыздана күтіп отыр екен. Құшақтасып көрістік. Қолында таяғы, бір аяғын сылтып басады екен.

– Инсульт алған соң  бір аяқ, бір қолым жансызданып, қозғалмай қалған. Дәрігерлердің арқасында жүріп-тұруға жарап қалғаным ғой бұл, – деп ағай өз жағдайынан хабар беріп жатыр.

«Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ». Секеңнің мына түрін көріп  аяп кеттім. Бұрын тау-тасқа жалаң аяқ шығып, қысы-жазы тау өзенінің мұздай суына түсіп,  әбден шыныққан  шып-шымыр кісі еді. Енді, міне, таяққа сүйеніп, мүсәпір болып қалыпты. Жүзі солғын.

Бұл кісі маған бесінші сыныптан сегізінші сыныпты бітіргенше  географиядан сабақ берген ұстазым. ҚазПИ-ді бітіріп еңбек жолын бастаған сол кезде  қандай сымбатты жігіт еді. Орта бойлы қараторы жігіттің қайратты қап-қара шашы тіп-тік. Бетіндегі қара меңі де өзіне жарасымды. Сабақ өткенде  жанып тұрып түсіндіретін. Бізге атлас картасын қалай пайдалануды үйреткенін  айтсаңызшы. Апайымыз да өзімен бірге оқу бітірген көрінеді, ол кісі биологиядан дәріс берді. Сабақтан тыс уақытта екеуінің кішкентай бөпесін  көтеріп серуендеп жүргенін көріп нағыз бақытты жұбайлар осылар шығар  деп қызыға қарайтын едік.

Кейін Секең мұғалімдікті қойып, ғылыми мекемеге ауысқан. Табиғат қорғау, экология мәселесімен айналысып, туған өлкенің табиғат ерекшеліктерін, өсімдік пен жануарлар әлемін  насихаттау, оларды сақтау, қорғау жолында көп еңбек сіңірді. Іргелес облыста қызмет атқарғанмен туған ауданына ай құрғатпай  келіп тұратын. Келген сайын мен қызмет істейтін аудандық газет  редакциясына  табиғат қорғау тақырыбына  арналған мақалаларын тапсырып кетеді. Кейін аудандық мәслихатты  басқарған жылдары оның ауданның «Құрметті азаматы» атағын алуына септігім тигені бар. 60 жасқа толған мерейтойына да  қатысқан едім.

Алматыға қызметке ауыстым. Әйелі қайтыс болған соң ұстазым да Алматы маңындағы қызының қолына барыпты деп естігем. 

Ұстазым өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, шерін бір тарқатып алды.

– Құдай пендем десе, қарттар үйінің бетін аулақ қылсын, – деді ұстазым сөз арасында мұңайып. – Бұрын өз отбасымызда, өз шаңырағымыздың астында  еркін өмір сүрген  адамға үкімет мекемесінде біреуге пенде болып, жалтақтап өмір сүру қандай қиын?! Емін-ркін жүре алмайсың, еркін күле алмайсың. Көшеге шығармайды, айнала биік қорған.Әзірейілдей күтушілерің бар. Біреуі зекиді, біреуі тыржыңдайды.Мұның түрмеден несі артық?

  • Ал енді  жатын бөлмеңізді  көріп шығайын, ағай, – дедім мен шын ниетпен.
  • Жүр онда, – деп ұстазым таяққа  сүйене ақсаңдай ішке қарай бастады. Аядай шағын бөлмеде  екі керует тұр. Бөлме қапырық, көңілсіз.
  • Бұрын әрқайсымыз жеке бөлмеде  тұрушы едік. Қазір келушілер көбейді. Әр бөлмеге  2-3 адамнан  жайғастырған. Бәрі де тағдырдың талқысынан  әбден жүйкесі жұқарған қарттар ғой, бірін-бірі  жақтырмай жиі ренжісіп қалады. Жас кезінде  кім осылай  боламын деп ойлапты, – деп ағайым одан әрі мұңая түсті. Ашық тұрған есіктен ұзын дәліздегі орындықта отырған үш қарияны  нұсқап:
  • Анау оң жақтағы қария бұрынғы министр, ал ортадағысы партияның орталық комитетінде жауапты қызметтер атқарса, сол жақтағысы белгілі ғалым. Қарттар үйіндегілердің көбі елге белгілі адамдар. Қартайған соң бәрін де балалары қарамай осында әкеліп өткізген.
  • Ағай, сіздің де екі қыз, екі ұлыңыз бар емес пе еді? – деп қалдым  іштей түсіне алмай отырған мен.
  • Бір қызым бай түрікке тұрмысқа шыққан. Бизнестері өрлеп тұрған соң ауылдағы қызым мен күйеу балам да соларды паналап осында келген. Екі ұлымның үлкені  қайтыс болғанын өзің де білуің бар шығар, екінші ұлым да қазір түрік күйеудің  қол астында  жұмыс істейді. Мен инсульт алып оларға масыл болып қалған соң осында әкеліп орналастырған. Қазір өздерімен өздері. Мені іздеп жатқан ешкім жоқ. Көңілім әбден суыды, – деп ұстазым көзіне жас алды. Бізде қарттар жиі өледі. Бірақ кәріліктен емес. Базарда қытайдың бір дәрісі жасырын сатылады деп жүр осындағылар. Соны ішсе, қиналмай-ақ кете беретін көрінеді. Менің сол дәріге  қолым жетпей жүр.

Жүрегім  зырқ етіп, төбе құйқам шымырлап кетті:

– Олай демеңіз, аға, мұныңыз күпірлік болады. Құдайдың өлшеп берген жасы бар ғой… – деп мен басу айтқан болдым.

  • Қайдан білейін, кейде торыққанда басыңа түрлі-түрлі суық ойлар келеді, – деп ағайым үнсіз қалды… – Балаларым адам сияқты  болса мен осындай  күйге түсер ме едім…

Ойым астаң-кестең. Сабырға шақырған болдым.

  • Уақытың болса келіп тұр, інім. Өзіңмен әңгімелесіп бір жасап қалдым. Тәңір жарылқасын.

Бөлмеден шығып бара жатып жан-жағыма бажайлай қарадым. Әр жер, әр жерде мұңайып отырған қарттарды көріп көңілім онан әрі құлазыды. Көздерінде мұң, көкіректерінде шер… Балалары қарамай тірі жетім еткен  кемпір-шалдар, аяулы аталар мен әжелер. Басқа да емес, кілең  қазақтың қариялары. Жетімін жылатпаған,  жесірін тастамаған қазақ емес пе едік. Біз не боп барамыз осы?

Ұстазыма «Келіп тұрамын» деп уәде берсем де ол жаққа баруға дәтім жетпеді. Ағайым телефон шалып тұрады, «Жұмысың көп қой, қолың тимейтін шығар» дейді. Солайы солай деп құтыламын. Бір күні тағы да көңілін аулап қайтпасам болмас.

…Теледидар көреміз. Жаңа ғана бір арнаға назар аударып едім, таныс бейне көгілдір экранда сайрап тұр. Елге танымал азамат. Өзі біз жақта туып- өскендіктен  отбасын түгел білемін. Кішкене мекемені  басқарып, шиеттей бала-шағасын балиғатқа жеткізген әкесі қартайған соң қарттар үйіне  тапсырылғанын  да естігем. Былайғы жұрт  байғұстың  әйелі жайсыз еді деп кінәні соған артатын. Алайда мынадай атақты ұл-қыздары туған әкесін  сондай қиянатқа  қалай қиғанына, намыссыздығына қайранмын.

Жас кезімде көрші әйел туралы мына бір әңгімені естуші едім. Бір жесір келіншек жүкті болып қалады да, нәрестесін өзенге тастағалы жатқан жерінен басқа  бір келіншек  көріп:

  • Құрбым, бұл баланы өлтірмей маған бер. Бір жаман немеге зар болып жүрген бейбақ едім. Мен-ақ асырап алайын, – деп нәрестесін алып қалады. Өсіріп-жетілдірген соң басында үйі жоқ, күйі жоқ әркімнің босағасында түнеп  қаңғырып жүрген  жігітті қолына кіргізіп алады да, екеуін қосады. Әйел жетімдерді жұптастырып, үшеуі  бір шаңырақтың астында  тұрып жатады. Қызы мен күйеу баласы  сәбилі болады, дүние бітіп,  қызметке ілігіп, ел қатарына қосылады. Асырап алған шешесі  қартая бастады. Осы тұста  қызы көрші ауылда тұратын  өз анасын тауып алады. Бір ағасы бар екен, онымен де қауышты. Енді олар бұлардың үйіне  келіп тұратын болды. Міне, осыдан кейін-ақ келіншектің өзін бағып өсірген  кейінгі  шешесіне  деген пейілі өзгеріп шыға келеді, қартайған кемпір отырса – опақ, тұрса – сопақ. Балалары өсе келе олар да шешелері сияқты кемпірге күн  көрсетпейтінге айналды, «сен біздің әжеміз емессің, біздің әжеміз пәленше»  дегенін көрші  отырған біз де естіп қалатынбыз.
  • Мен мына  қызды некесіз туған шешесі өзенге ағызып жіберейін деп тұрған жерінен қолынан жұлып алып, бауырыма  басып едім. Жалғыз ешкінің сүтін беріп, қойдың құйрық майын сорғызып жүріп өсірдім. Енді, міне, өз шешесін  тауып алып, мені өгейсіп  шыға келгені мынау, – деп бейбақ ана  көршілерге жылап отырып мұңын шағар еді… Қартайған кемпірді асырап алған қызы қораға шығарып тастағанын да өзім көрдім. Әскерге кеткем. Екі жылдан кейін  келсем көрші кемпір  сол қорада  жатып қайтыс  болғанын естіп төбе-құйқам шымырлаған. Қиянат ешкімді алысқа жібермейді. Келіншек күйеуінен ажырасып, өмірі ойран болды. Жуырда ол да қызының қолында қайтыс болыпты… Кісіге жамандық істесең, ол ақыры айналып келіп өзіңе тиеді. Әсіресе, ата-анасын  қорлаған ұрпақ өсіп-өнбейді. Мына әңгіме  осы сөзімнің дәлелі.

Әр адамның өмірі өзінше бір тарих. Мұның бәрі  өмірдің өзінен алынған  мысалдар. Менің айтпағым бұл емес, менің айтпағым бүгінгі заман адамдарының  қатыгезденіп  бара жатқаны. Жалпы, осы қатыгездік пен мейірімсіздік басқа емес біздің қазақтың  қанында жоқ еді. Әсіресе, ата-анаға деген мейірімсіздік… «Ата-анаңды Меккеге  үш рет жаяу арқалап апарсаң да олардың алдындағы қарызыңнды өтей алмайсың» деген халық даналығының мағынасы терең. Анаңның түн ұйқысын төрт бөліп көтеріп жұбатқаны, сен үшін шыр-пыр болып, отқа-суға түскені, әкеңнің бала-шағасын бел шешпей  еңбек етіп асырағаны, бәрі-бәрі  оңай шаруа емес. Ата-ананың бұл еңбегін  тіршілігіңде өтеу де қиын. Бірақ ер жеткен әр перзенттің әкесі мен шешесін  құрмет тұтып, сыйлағаны, қартайған шағында әркімге көз түрткі  етпей  қамқор болғаны абзал. «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз»деген өмір философиясы бар. Бүгінгі жас ертең қартайып  бала-шағасының қолына  қарайтыны өмір заңы.

«Ата-анаңа не істесең  өз басыңа келеді». Әке-шешелерін  қартайған шағында  қарттар үйіне апарып  тастаған  азаматтар да ертең  осындай күйге түспесіне  кім кепіл?!

Өз әке-шешесінен безінген ұлдар, өз құрсағынан шыққан нәрестеден  қашқан қыздар ертең кімді жарылқамақ? Отаны үшін отқа түсіп, халқы  үшін  жан пидаға  бара ала ма олар? Қазақтың баласы, қызы осындай  десе мен өз басым намыстан өртеніп кете жаздаймын.

 «Туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттер дәстүрімізге қайшы» – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті. «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз — қазақ осындаймыз!», — деді мемлекет басшысы. Ендеше, қарттарымызды қадірлеп, ұлттық қасиетімізді сақтайық, ағайын!

Мырзахан Ахметов,

Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген

Мәдениет қайраткері, журналист.

Закрыть