КӨКЕЙКЕСТІ

Дені сау ұрпақ — мағыналы өмір кепілі

«Басты байлық – денсаулық» деп халқымыз  тауып айтқан. Шынында да, денсаулық – ең қымбат, баға жетпес дүние. Дені сау адам ғана қоғамға пайда келтіреді, ел экономикасын арттырады. Әр қоғамның әлеуметтік жағдайы, экономикалық дамуы оның тұрғындарының денсаулығымен, өмір ұзақтығымен бағаланады.

Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші — денсаулық, екінші – білім.  Осы екеуі біріксе, адам алдында алынбайтын қамал, жетпейтін арман, игерілмейтін мақсат  жоқ.

Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, еліміздің тұрғындарының өмірін неғұрлым ұзарта түсуге ықпал жасап келеді. Оның айғағы — Елбасының жылдағы дәстүрлі халыққа Жодауында денсаулық сақтау ісіне ерекше  мән беріліп, халық денсаулығын одан әрі жақсарту бағытында қабылданып жатқан  жаңа  реформалар. Елімізде ТМД елдері арасында бірінші болып 2009 жылдың басынан бастап Біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, ол күнделікті өмірге батыл енгізілуде. Барлық мемлекеттік және жекеменшік емдеу-профилактикалық мекемелері мемлекеттік аккредитациядан өтіп, медициналық көмектің түр-түріне лицензия алып, оның  сапасы едәуір арта түскені белгілі.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, көптеген  қуанарлық іс-шаралар іске асырылуда. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да өз жемісін беруде.  Барлық облыс орталықтарында кардиологиялық және кардиохирургия қызметі халыққа медициналық көмек көрсетуде. Астана, Алматы қалаларында жаңа ғылыми медициналық орталықтар (нейрохирургия, жедел медициналық көмек, кардиохирургия, ана мен баланы қорғау және т.б.) ашылып, көпшілікке қызмет етуде.  Санаулы айлардан кейін ағзаларды алмастыру (жүрек, бауыр  және т.с.), яғни трансплантология  ісі арнайы шетелдерде дайындалған маман-дәрігерлердің көмегімен іске асырылмақ.

Халық денсаулығы бәрінен де қымбат. Ол еш мөлшермен – ақшамен, дүниемен, байлықпен өлшенбейді. Халық денсаулығы үшін қолда бардың барлығын жасап, одан еш аянбау қажет.

Дүниеге ұрпақ әкеліп, өлім-жітім олқылықтарының орнын толтырып отыратын – әйелдер. Сол болашақ аналардың, әйелдердің денсаулығы сын көтермейді дегенді академик ағаларымыз Камал Ормантаев пен Төрегелді Шармановтан бастап, дәрігерлер бір кісідей-ақ үнемі айтып жүр. Сын көтермейтіні рас. Әйелдерге жаны ашып, шыр-шыр етіп профессор-гинеколог Нина Әмірқызы  Каюпова әріптесіміз де талай мінберлерден бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Бірақ, «жабулы қазан жабулы күйінде».  Ұсыныс бар, нәтиже жоқ. 

Өйткені, аналар мен  әкелер, тіпті,  әрқайсымыз өмірге дені сау ұрпақ әкелуге жауаптымыз. Дені сау, білімді ұрпақ — жарқын, сенімді болашағымыз.

Шет елде үйленетін екі жас  отбасын құрар алдында денсаулықтарын тексертеді. Біреуінің денсаулығында кінәрат болса, некеге тұрмай тұрып тексеріліп, болашақта өмірге әкелер ұрпағының денсаулығына зияны болмайтын жағдайда ғана отбасын құруға шешім қабылдайды.

Ал бізде керісінше. Тіпті тексеру барысында кейбір әйелдерге жатырдағы ұрықтың дамымауына байланысты баласын алдыртып тастау жөнінде кеңес беруге тура келеді. Бірақ, әлігі әйел дәрігерді дұрыс түсінбейді, ақыры ол ұрық дамымай жатырда өліп қалады немесе нәресте іштен кемтар болып туады. Осындай жағдайлардың салдарынан кейде ана мен бала өлімі орын алып жатады. Он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірім қыздар арасында  түсік тастау да жиілеп барады. Мұндай өкінішті жағдай болмас үшін, әрине, қыз-келіншектер өз денсаулықтарына өте жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Сол денсаулығымызды тек мемлекет,  Үкімет  мойнына асып қою  — үлкен қателік. Денсаулық – ең алдымен адамның жеке өз байлығы болғандықтан, сол байлығын кез-келген адам өзі қорғауы керек, дер кезінде дәрігерге көрініп, кеңес алып отырғаны артық емес. Әр адам өз денсаулығына байыппен, сергектікпен, тіпті, аса жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Қазіргі қыз-келіншектердің тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? – деген сұрақ бізге жиі қойылады.

Қазақ қыз баланың тәрбиесіне өте қатал халық дегенімізбен заманға қарай ма, әлде бала тәрбиесімен айналысуға мұрсалары жетпей ме, кім білсін, қыздың да, ұлдың да тәрбиесін көзге ұрарлықтай мүлде босаңсытып алдық. Мен түнгі үш-төртке дейін дала кезіп жүрген ұл-қызын іздемейтін ата-аналарға қайран қалам. Кешке қарай мейрамханалар мен кафелерге бас сұқсаңыз – қызара бөртіп масаңсыған, көк түтінге оранғандай темекі шегіп, жарыса сөйлеп даурыққан жастарды көру бұл күндері кім-кімге жат емес. Соңғы кезде қыз-келіншектер ер азаматтармен жарысқандай топ-топ болып, еш қысылмай, қымтырылмай  сан  түрлі сыра  мен арақты орталарына алып, дарақылықпен мәз-майрам болып, «қиқуласып» отырғанын көргенде өзің қысыласың, қынжыласың. Тіпті, кейде сол отырыстарына қастарына жас балаларын ертіп баратындары да баршылық. Оны көрген жас баланың болашағы не болмақ? «Осы қылығымыз жөнсіз-ау, ортадан ұят-ау» деп қысылып, ыңғайсызданып  жатқан біреуі жоқ сабаздардың. 

«Қазір заман өзгерді, уақыт бөлек, оның не айыбы бар екен?» дейтіндер де табылар. Бірақ атам заманнан қазақ әйелдеріне тән ізеттілік, әдептілік, ізгілік, нәзіктілік уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқаны кімді болса да қынжылтатыны анық.

«Барлық  жақсылық пен әдемілік күннің нұр-сәулесінен, ананың ақ сүтінен жаралған» деп бекер айтылмаған болар. Егер олай болса, неге  қыз-келіншектер, болашаққа дені сау ұрпақ әкелетін асыл ана ретінде өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды? Неге біз ортамызда, қоғамымызда болып жатқан өзгерістерге немқұрайлылықпен, енжар, самарқау қарауымыз керек?

Әскерге алыну үшін жастар міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Солардың арасынан бірең-сараңының ғана (базбір мәліметтерге сүйенсек, 10 пайызы ғана) денсаулығы бойынша әскерге жіберуге жарайды екен. Жап-жас жеткіншектің денсаулығы неге төмен? Бұл ненің айғағы? Қазірден денсаулығы әлжуаз жастың келешегі не болмақ? Бұны балалар мен жастар арасында  саламатты денсаулық істерін қалыптастыру және денсаулық сақтау ісінің әлі де өз орнын ала алмай отырғаны деп ұққанымыз жөн.  Бүгінгі жас бала ертеңгі әке, ертеңгі ана екендігі бірте-бірте естен шығып барады.

Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіндігі жайлы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі қоғамның ажырамас ауыр дертіне айналды.  «Ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені, қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені» деп халық тауып айтқан. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер  арасында  кең етек алып бара жатқаны, сол алкогольдің себебінен орын алып жүрген жантүршігерлік қылмыстық оқиғалардың қоғамда тым жиілеп бара жатқаны алаңдатады. 

«Арақ-шарап, iшкен адамды төрт түрлi күйге түсiредi. Ә дегенде адам тотыға ұқсайды, жұрт көзiне түсуге тырысады, оның қимыл-қозғалысы да кербез әрi керiм болып келедi. Содан соң ол маймылдың қылығын шығарады, елдiң бәрiмен қалжыңдасып, қылжақтай бастайды. Одан кейiн ол арыстан кейпiне кiрiп, тәкәппар, паң, өз күшiне сенген, өркөкiрекке айналады. Бiрақ ол ақыр аяғында шошқаға айналып, сол құсап балшыққа аунайды», – деп жазды араб ақыны һәм ғалымы Абдуль-Фарадж.

Расында да, арақтың адамға еш опа әкелмейтiнi анық. Арақ — зұлымдықтың қайнар көзi. Бұл қазiр мыңдаған адамдардың өмiрiн өксiтiп, талайлардың отбасын талқандап жатыр, өкініштісі – негiзiнен жастардың…

Араққа абайсызда құмарланған адам денсаулығын құртады, өз өмiрiн өртейдi, тiптен балаларының да өмiрiн қор етедi, оның адамдық бейнесiн жояды, өзiне жақын адамдарға қайғы-қасiрет әкеледi. Ақыр соңында шошқа құсап балшыққа илектенiп, қазiргi тiлмен айтқанда «бомж» болып, далада қалады. Ол өмірді өрттей күйдіреді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикамыздағы наркологиялық мекемелерде қазіргі кезде 235 416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұрады екен. Демек, маскүнемдік 100 мың адамға шаққанда 144,2 жағдайдан айналды. Бізде ішімдік ішу – 1 адамға 12 литрден, ал сыра – 31 литрден айналыпты. Еліміздің тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни 3/1  арақ ішеді. Жас ерекшіліктеріне келсек,  40-49 жас аралығындағылар  көш бастап тұрса, 20-29 жастағылар одан кейінгі екінші орында. Ал 18-19 жастағылардың үлес салмағы 37,7 пайызды, жасөспірімдердің үлесі 22 пайызды құрайды екен. 

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары ішімдікті шамадан тыс тұтыну ұлт денсаулығы үшін қауіпті, ұлттың тегін бұзады дейді Бұл мәліметтер санасында саңлауы бар кімді болса да ойландыру керек. Жастайынан ішімдікке  салынып, темекімен өкпесін ыстаған,  наркотиктің «дәмін татқан» жасөспірімді ертең не күтіп тұр? Болашағы не болмақ? Одан толыққанды, саналы азамат шығады деу қиын…

Өз жанын өзі қинап, біле тұра сол улы есірткілермен  өмірін қысқартып жатқан жандарды жүдә түсіну қиын-ау, қиын. Республикалық теледидардан мезгіл-мезгіл көрсетіліп жүрген (мысалы, «Қара квадрат» «Апта портреті» хабарлары) есірткінің  қолдан жасалған жаңа түрі – көпшілік арасында «қолтырауын» («крокодил») деген атпен аталып жүрген жасанды наркотиктің әсерінен тірідей шіріп, соның салдарынан еттері мен сүйектері ырсиып тұрған жиіркенішті көріністерді көргенде «адам да өзін осындай ит өмірге, аянышты халге, мүсәпір күйге айналдырады екен-ау» деп, төбе шашың тік тұрып, жаның түршігеді. Ол адам  мына жарық дүниеге не үшін келді? Адамзаттың бұлай  азғындауына не себеп? Сұрақ көп, әттең, оған жауап табу қиын…

«Зиянды әдеттерден халықты алшақтатамыз» деп дәрігерлер әуре. Тіпті, арнайы мемлекеттік бағдарлама, заң да қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп, сандаған «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтарын ашып, олардың қызметкерлері ел арасында «жұмыс көрігін қыздырып-ақ» бағуда. Өкініштісі, сол атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі әзірше сезілмейді. «Баяғы жартас, бір жартас», өзгеріс жоқ. Кейде ол тіпті насырға шауып тұрғандай болып көрінеді. Сондықтан, өмірде барлығы керісінше — ішімдікке, темекіге, нашақорлыққа әуестенушілер саны жыл өткен сайын өсіп бара жатқаны өкінішті. Не істеу ләзім?  Басқа қандай жолы бар? Бұл көпшілік болып ойланатын мәселе…

Заңғар жазушымыз М.Әуезов кезінде: «Елді түзеймін десең, бесігіңді түзе» деген екен. Сол сөздерді сәл өзгертіп: «Болашағымыз жарқын, бақытты, нұрлы болсын десеңіз – денсаулығыңызды ойлаңыз» деп айтар едім.

Дені сау, ұрпағы таза, рухы биік, санасы терең  адам ғана өз ортасына  айтулы пайда келтіріп, қоғамды алға, жаңа биіктерге жеткізе алады. Онсыз барлығы бекершілік, бос әурешілік!  Сондықтан, ойланайық, ағайын!

Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымының докторы, профессор

Белгілер (тэгтер)
Закрыть