КӨКЕЙКЕСТІ

Суицид: әлсіздік пе, батырлық па?

Өзіне-өзі қол жұмсау – философиялық, яғни өмірдің мәнін жоғалту, психологиялық, әлеуметтік, медициналық, адамгершілік және құқықтық проблемалардың жинақталуынан тұратын өте күрделі, көп қырлы феномен. Мамандардың зерттеуінше, дүниежүзінде әр 40 секунд сайын бір адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Тіпті жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәңгілікке қоштасуға әрекет жасайды. Сорақысы сол, бұлардың басым дерлігі 15-29 жас аралығындағы жастар. Өкінішке орай, Қазақстанда суицид көрсеткіші жайында нақты ресми ақпарат жоқ. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицид бойынша картасына сәйкес, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудың жиілігі жөнінен алдыңғы елдердің қатарында.

Жасөспірім шақта кездесетін қиындықтарды көтере алмау, айналадағылармен тіл табыспау, психологияның толық қалыптаспағандығы, міне, осы және т.б. себептерден өскелең ұрпақ арасында суицид мәселесі артып отыр. Осы ретте, 7-сәуір Дүниежүзілік денсаулық  күніне  орай, Алматы қаласы, Наурызбай аудандық №27 емханасының ұжымы С.Көпбаев атындағы №186 орта мектебінде мектеп ұжымымен қосылып дөңгелек үстел өткізді. «Суицид: әлсіздік пе, әлде батырлық па?»  деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелдің мақсаты – суицидтің алдын-алу. Алматы қаласы, Наурызбай аудандық №27 емханасының бас дәрігері Иманбекова Жанна Бердібекқызы, С.Көпбаев атындағы қалалық №186 орта мектебінің директоры Гүлжәзира Бекенқызы, «№36 қалалық емхана» ШЖҚ МКК-дағы «САЛАУАТТЫ ЖАСТАР» жастар денсаулық орталығының жетекшісі  Дина Тұрғынбайқызы, Алматы қаласы, Наурызбай ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала  бөлімінің басшысы Әлия Шаханқызы және осы екі мекеменің психолог мамандары  бірлесе отырып жасөспірімдердерге жалпы суицид дегеніміз не, оның алдын алу жолдары, өз-өзіне қол жұмсар алдындағы адамның эмоциялық жағдайлары, қиындыққа тап болған жағдайда әрекет ету жолдары туралы толық ақпарат берді,  өз-өзіне қол жұмсаудың  әлсіздік екенін, оның алдын алуға болатынын түсіндірді.

«Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, саламатты өмір салтын қалыптастырушы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыс атқаруы керек. Ең алдымен жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұхбаттасулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқты жұмыстардың көбірек жүргізілгені дұрыс. Жасөспірімдер ата-анасына, достарына үлкен түсіністікпен қараса, бір-біріне қамқор болып жан дүниесіне үңіле білсе, бұл індеттің алдын алуға әбден болады», — дейді №27 қалалық емханасының бас дәрігері Жанна Бердібекқызы. 

Жастар арасындағы суицид мәселесін зерттегенде анықталғаны: тұтастай алғанда көп жағдайларда жасөспірімдер ата-аналарының, мұғалімдердің назарын өз мәселелеріне аудару мақсатында өзіне-өзі қол жұмсауға шешім қабылдайтыны және осындай келеңсіз түрде үлкендердің селқостығы, парықсыздық, арсыздығы мен қатыгездігіне қарсылықтарын білдіреді. Мұндай қадамға көбінесе тұйық, жаны жараланғыш, жалғыздық сезімнен, өзінің керексіздігінен күйзеліске тез түсетін және өмірден түңілген жасөспірімдер барады. Өзіне қол жұмсауды таңдаған жасөспірімдердің көпшілігі шын мәнісінде өлгісі келмейді екен. Бұны ажалдан аман қалған жасөспірімдер растаған. Өлім арқылы бірнеше проблемадан басын алып қашқан түрі екен. Осы ретте кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсететін «САЛАУАТТЫ ЖАСТАР» жастар денсаулық орталығының жетекшісі кез-келген жағдайда жастарға өздерінің қол ұшын беруге әрдайым дайын екенін айтты. Бұнда сондай-ақ күнделікті гинеколог, уролог, дерматовенеролог, психолог, әлеуметтік қызметкер және заңгер қабылдау жүргізеді. 

Психологтардың пікірінше, суицид аяқ астынан пайда болмайды, ол біртіндеп, импульсивті түрде келеді. Яғни, ушығып тұрған жағдайдың күндердің күнінде шектен шығары сөзсіз.  Суицид жасағандардың 70 пайызы өз мақсаттарын осындай жолмен білдіреді екен. Олар ашылып әңгімелескісі, сырласқысы келеді, біреудің оларды тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса ештеңеге мән бермей, қызығушылығы жоғалып, сүлесоқ, немқұрайлы қалыпқа енеді. Оған қоса, интернеттегі парақшасы, күнделіктері және т.с.с. бәрі анық ақпарат бере алады. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай көріністер алда болатын қайғылы оқиғаның хабаршысы. Осындай жағдай орын алса, баламен ашық сұхбаттасып, сырласу керек. Егер сіз адамның жан-жарасын білдіретін сөздерін, мейлі ол уайым, қайғы, кінә, қорқыныш немесе ашу-ыза болсын, тыңдай білсеңіз, оған баға жетпес көмек бергеніңіз. Тіпті кейде жай ғана үндемей онымен бірге отырсаңыз да бұл сіздің оған деген қамқорлық қатынасыңыздың, оның тағдырына немқұрайлы қарамайтыныңыздың дәлелі бола алады. Бұл арада жақын жандарыңның күнделікті мінез-құлқында, қарым-қатынасында байқалатын өзгерістерге мән беру аса қажет.

Дөңгелек үстел соңында оқушылар суицид тақырыбында өз ойларын білдіріп, психологтар позитивті психологиялық ойындар жүргізді. Әр сынып оқушылары топтарға бөлініп іс-шарадан кейінгі түйген ойларын плакаттарға салып шықты. Өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қағазға жазып, сенім жәшігіне салды. Өз-өзіне қол жұмсаудың қаншалықты қайғыға соқтыратыны туралы фильм көріп, өз пікірлерімен бөлісті.

Жансая Еримова

Белгілер (тэгтер)
Закрыть