КӨКЕЙКЕСТІ

Талақтан құтылудың он жеті амалы

Бүгінгі таңда қоғамда ажырасу үлкен дертке айналып отыр. Санақ мәліметіне жүгінер болсақ, үйленгендердің орташп есеппен 35%-ы ажырасады екен. Әрине, талақ мәселесінде әйел әлсіз. Себебі көбіне ажырасу туралы шешімді қабылдайтын ол емес. Бірақ бұндай жағдайға себеп болатын істерді босағасынан аулақтату әйелдің қолынан келеді.

Жаңадан тұрмысқа шыққан келіншектер мен өмірінде көптеген қиындықтарға душар болып жүрген сарқарын әйелдерге шаңырағын сақтап қалу үшін талаққа себепші болатын он жеті істі сыбырлап қана қаперге салмақпыз.

1. Отбасының негізгі тірегі – әйел мен күйеу арасындағы сыйластық, екеуіне ортақ бала-шаға. Сондықтан әйелдің үйі мен перзенттеріне салғырттығы, тек өзінің қарабасын ойлауы – отбасы ойранының басы.

2. Кейде әйелдің үйіне де, балаларына да қарауға қолы тимей кетеді. Ол сұлулығын сақтау үшін сәнденуге ерекше көңіл бөліп, шаштаразға, киім дүкендеріне, сән салондарының табалдырығын тоздырып, не саудаға беріліп, үйін қараусыз қалдырады. Ал, бұл жағдай әдетке айналып кетсе, еркектің жүйкесі тозып, сабырының таусылуына, нәтижесінде талаққа себеп.

3. Отбасы істерін бала күтушіге тапсырып қою да етек алып келеді. Қызметшілер мен күтушілерді жалдауды кейбіреулер «мәдениет», «даму» деп санайды. Ал ол қызметші әйел болса алдымен өз қамын, осы отбасынан қанша пайда табатынын ойлайды. Қызмет істеп жүрген отбасының келешегі қаперіне кіріп те шықпайды. Қызметші әйел ата-аналары жоқта жас нәрестелерге қандай тәрбие беріп жатқанын зерделемейді. Тіпті кей қызметші не тәрбиеші сол үйдің салтына, діни ұстанымдарына қарама-қайшы ой-пікірлер мен әдет-ғұрыптарды ұстанғандарын естіп жүрміз. Бала бір жақта, өзің бір жақта, тәрбиеші бір жақта. Мұндай жағдайлар отбасының іріткісіне себепші болмайды деп ойламаңыз.

4. Кей әйел өзіне жүктелген жауапкершілікке, отбасы беделі мен абыройын сақтау міндетіне немқұрайлы қарайды. Негізінде бұл аса үлкен жауапкершілік. Бұны орындамау түптің-түбі отбасы беделінің құлдыруына алып барады. Демек, тек әйел-ана мойнына жүктелген отбасы істерін орындамауы, перзенттерін, ұл болсын, қыз болсын мейлі, бақыламауының ақыр түбі сан соқтырарлық ауыр, қорқынышты жағдайларға алып келуі ғажап емес. Шектен шығып кеткен соң оны қалпына келтіру мүмкін болмай да қалады.

5. Ерлі-зайыптылардың істері мен қарым-қатынасына туысқандардың теріс араласуы. Бұл мәселенің шешімін шешу оңай болса да, арадағы кейбір жағдайлар шиеленістіріп жіберуі де мүмкін. Өйткені құдағайлардың ұсақ-түйек нәрселерге араласуы түптің-түбі келіспеушілік пен талас, дау-дамайға алып барады. Халықта «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген сөз бар. Ерлі-зайыптылар өзара түсінісе білулері керек.

6. Жұбайлардың араларында түсіністіктің аздығы. Екеуі сөйлеседі. Бірақ бірінің айтып жатқанын бірі тыңдамайды. Бұл мәселені одан әрі шиеленістіре түспек. Демек, бір-бірін тыңдап, сабыр сақтаулары керек, дәйекке құлақ асқан абзал.

7. Тұрмыстық тәжірибенің аздығы. Яғни қыз өзге шаңыраққа келеді, ондағы салт-дәстүр, үлгі, өмір салты, тәрбие мүлдем басқа. Жас адам күтпеген өмірге, бөгде орта мен талапқа тап болады. Жанұяның психологиялық ахуалына көндігуі қиын болғандықтан, оның шыдамауы да мүмкін. Демек, төзім мен сабыр, алдын ала дайындық, абысын-ажы, ененің демеушілігі де де қажет.  

8. Бедеулік, перзентсіздік. Бедеулік әйел үшін қатты соққы, қасірет. Күйеуі басқа әйелге үйленіп те кетуі мүмкін, бұл әйелдің психологиялық жүйесіне мүлде теріс әсер етеді. Егерде әйел сабырлы болса, отбасын сақтап қала алады.

9. Әйелдің «өмір өзгеріп кетті» деген оймен еркекпен бірдей болу үшін  жұмысқа шығамын деп тұрып алуы. Әрине, бұл кейбір ер кісілерге ұнамайды, кейде ер кісілер өздерін бұндай көмекке мұқтаж емеспіз деп сезінеді. Олар әйелдің балалар тәрбиесімен айналысуының өте үлкен де ұлы іс екенін мойындайды. Бұлары дұрыс. Дегенмен, әйел өз болашағы үшін кепілдікке мұқтаж. Сондықтан мемлекет әйелдердің тек қана балаларын жақсы тәрбиелеп, отбасы істерін толық орындаулары үшін жағдай жасаса, тіпті жақсы. Әйел өз міндетін бұлжытпай орындар еді. Болашағына да алаңсыз болар еді.

10. Уайым-қайғыны бастан кешіру және тауқыметті сезіну. Қазіргі өмір –  талас-тартыс, қым-қуыт проблемалар қабаттасып, адамды уайым басатындықтан, бұл ғасыр күйзеліс, «жайсыздық ғасыры» деп те аталады. Бұндай жағдай ерлі-зайыптылар арасындағы қатынасқа да ықпал етіп, кері әсерін тигізіп, талас-тартыстың көбеюіне алып келеді. Демек, некенің бұзылуына да апарып соғуы ғажап емес. Қайтеміз енді, «көрпемізге қарай көсілеміз де». 

11. Қорлау, пікірін елемеу жағдайды ушықтырып жібереді. Ашуға мінгенде өзіне ие бола алмай ұрып-соғу түбінде адамды қорлауға алып барады. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі кекетіп, кемсітіп, көңілге келетін ауыр сөздеп айтуы мәселені одан әрі күрделендіреді. Екеуінің арасында сыйластықтың жоғалуы бірте-бірте сүйіспеншіліктің де жоғалуына жол бастамақ. Нәтижесінде бұндай жұп бірін-бірі жек көріп кетеді.

12. Қыздың отбасылық өмірге дайындығының кемшіндігі, оның өмірдегі қиындықты ақылға салмай,  аспандағы қияли тұрмысқа шығуы. Кейде қыздар махаббатқа тола романтикалық және жауапкершіліксіз өмірді армандайды. Тұрмысқа шыққан соң мойынға ауыр жауапкершіліктер түсетіндігі бес саусақтай белгілі жайт.

13. Қыз еліктейтін салыстырулар. Қыз, яғни келіншек тұрмысқа шыққан соң «құрбымның күйеуі сыйлықтарды үйіп-төгеді, әйелі десе жаны қалмайды, әлпештейді және мынадай-мынадайларды алып береді» деген  салыстырулар тоқтамайтын болса, оның тұрмысын, өмірін улап, бірте-бірте  төзіп болмайтын отқа айналдырады.

14. Экономикалық проблемалар және ынтымақтың жоқтығы, сондай-ақ әйелдің сұранысының сарқылмауы еркекті еркінен шығарады. «Талақ» сөзін естіп қалуыңыз әбден мүмкін.

15. Әйелдің ұсақ-түйек тәжіке кезінде шошаңдап «ажырасамын», «сенімен тұрмаймын» дей беруі шын мәнінде шаңырақты күл-талқан етуі мүмкін. Түбі әйел өкінеді, алайда өкініштен пайда бола қояр ма екен.

16. Шектен тыс қызғану және ер кісінің әр басқан ізін аңду екеуара  сенімнің жоғалуына әкеп соғады.7. Күйеуінің екінші әйелмен тұрмыс құрғандығын біліп қалып, оған шыдай алмауы, кешіруге болмайтын қорлық деп сезінуі.

Белгілер (тэгтер)
Закрыть