МАХАББАТ МЕКТЕБІ

Отбасылық қарым-қатынаста бақыттысыз ба?

Отбасылық бақыт дегеніміз не? Бұған әр адамның өзіндік жауабы бар. Ері мен әйелінің бұл туралы түсініктері әртүрлі болуы мүмкін. Дәл осындай жағдай барлық бақытсыздыққа себеп болатыны  жиі кездеседі. Отбасын құрып, оны бақытты ету үшін, бақытқа бастайтындай қарым-қатынас орнату үшін өзіңіздің ғана емес, жұбыңыздың да нені қалайтынын білуге тиіссіз.

Отбасылық бақытқа жетудің құпиясы шын мәнінде соншалықты күрделі де емес. Ол үшін жұбыңызбен сырласа білу керек, оны тыңдай білу қажет,  қолдан келгенді  беріп, одан да қалағаныңызды ала біліңіз. Өзіңізді басқаның орнына қоя білгеніңіз жөн. Осы сөздерде барлық бақытты  адамдардың құпиясы жатыр. Бәрі де оп-оңай, қарапайым… сонымен қатар өте күрделі.

Не үшін ренжігеніңізді еріңіздің немесе жұбайыңыздың өзі тауып, өзі білгенін талап етудің қажеті жоқ. Адамның бәрі бірдей басқаның ойын оқи алмайды ғой. Сізді ненің ренжіткенін жай ғана, даусыз, айқайсыз, кінә тақпай айта салыңыз.  Егер өз жұбыңыздың  жанын ауыртқыңыз келмесе, ол да сізге  солай қарайды, сіздің байыпты, салмақты сөздеріңізге  құлақ қояды.

Бір-біріңізбен жиірек әңгімелесіңіздер, барлық жайды бүкпесіз айтыңыздар. Жұмыстағы қиындықтарды талқылаңыздар, балалық шақты еске алыңыздар, бір-біріңізді  жақсы көретіндеріңізді  білдіріңіздер.  Жайлы жағдайда сырласу адамдарды жақындастырады. Бір-біріне түсініктірек болады. Бір-біріне ынтықтырады.

Үнемі сынап, мін тағудың, әлденені талап ете берудің, жұбыңызды кекетіп,  әжуалаудың  еш  қажеті жоқ. Бұл серігіңіздің  ашуланып, кектенуіне әкеліп  соқпаған күнде де оның өз ойларын  сізден жасырып қалу,  сын мен әжуадан қашып,  оқшаулану  әдеттерін қалыптастырады.

Кешірімді, кең болыңыз. Бәріміз де қызметте шаршаймыз, өкпе-ренішке бой алдырамыз, сөйтіп, байқаусызда көңілге келетін сөз айтып  қалуымыз мүмкін. Абайсыз айтылып қалған сөздерді көңілге алмаңыз. Кейінірек, бәрі тынышталған соң, жаймен ғана оның ойланбай айтқан сөздерінің сізді қалай ренжіткенін айтыңыз.

Өз жұбыңызды тыңдай біліңіз, тыңдай ғана емес, түсіне де біліңіз. Оның дәл нені айтқысы келгенін дұрыс қабылдаңыз, өзіңіздің бұл жайлы ішкі пікіріңізді орынсыз араластырмаңыз. Бұл әңгіме қандай себеппен  басталғанын ұғуға тырысыңыз. Айтылғанды жүре тыңдамаңыз. Егер айтылған сөздің мәнін ұқсаңыз, жұбыңыздың іс-әрекетін де түсінетін боласыз.

Ал түсіну деген – өзара  ұғынысу үшін жасалған алғашқы қадам.

Бақытты жұптар бір-біріне махаббат сезімін білдіруден  жүрексінбейді. Есіңізге алыңызшы, сіз не үшін үйлендіңіз, неге ерге шықтыңыз? Әрине, сіздің таңдаған жұбыңыз басқалардан жақсырақ болғаны үшін. Осы туралы оған соңғы рет қашан айтып едіңіз? Мүмкін оның да сізге осы сияқты лебізді көптен бері айтпай жүргені сол себептен болар?

Өз қосағыңызға ол қалаған нәрсені сізден қадала сұратқызбай-ақ  сыйлаңыз. Сезімтал әрі ұғымтал болыңыз. Бір-біріңізді еркелетіңіздер, тосын сыйлықтар жасаңыздар.

Адамды ешқашан өзгеруге мәжбүрлемеңіз. Біріншіден, ол мүмкін емес. Екіншіден,  кез-келген адам өз қалпында  қалуға құқылы.

Не мақсатты көздейсіз – осыны шешіп алыңыз да жұбыңызға байыппен  айтыңыз. Бұл қиын нәрсе емес қой. Мәселен, «Сүйіктім,  сен құрбыларыңа кеткенде мен қатты жабығамын. Көбірек уақытыңды менімен өткізсең қайтеді?» Алайда, мұны айтпас бұрын ойланып алыңыз: осылай деуге  қаншалықты негіз бар? Әлде сізбен бірге болу  жұбайыңызға қызықты  емес пе? Ал әйеліңіз сізге балық аулауға барудан немесе ер адамдармен араласудан басқа қандай ұсыныс жасай алады?

Әйеліңіз немесе еріңіз «Сізге тағдыр жазуымен өз-өзінен қосыла  салған біреу,  ол осы өміріне, Сізбен осындай қарым-қатынаста  болғанына риза болуы керек», – деп ешқашан ойламаңыз. Мұндай сенімділік – отбасының ақыры.

Өз жұбайыңызды аялаңыз, тағдырыңыз бен ата-анаңызға осындай  тамаша  адаммен қосылуға  көмектескені  үшін алғыс  айтыңыз. Бір-біріңізді қысылмай мақтаңыздар.

Ең бастысы – өзіңізді дұрыс ұстау жайын, отбасылық қарым-қатынысты  жақсарта беру  туралы әр күні,  әр сәтте ойлай жүріңіз. Қателеріңізді  түзетіңіз, оларды қайталамауға  әдеттеніңіз.

Сонда ғана гауһар тойларыңызда «Біз бақыттымыз» — деп айта аласыздар.

Б.Бекдайырова,

психолог.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть