МАХАББАТ МЕКТЕБІ

Жұптың арасына жік салатын 20 кесапат

Шынайы өмірдегі махаббат кітап пен кинодағыдай емес. Ол тек романтикалық кездесулерден ғана құралмайды. Бақытты отбасы – өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген еңбек. Алайда бәрін бүлдіру оп-оңай. Сонымен назарларыңызға жұбайлардың шырқын бұзатын 20 себепті ұсынып отырмыз.

1. Бірін-бірі өзгертуге ұмтылу.

Мінсіз адам болмайды. Бірақ кісінің әдеттері мен мінез ерекшеліктерін шатастырмаған жөн. Адам бойында қанша кінәласаң да өзгермейтін нәрселер болады. Сондықтан әр жерге тасталған шұлық (әдет), бесінші рет жоғалған  қолшатыр (ұмытшақтық) үшін жүйкеңізді тоздырмаңыз.

2. Ата-анамен қарым-қатынас.

Егер жұбайыңыздың ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста болсаңыз, тіптен  жақсы. Алайда келінін не күйеубаласын өз баласындай жақсы көретін ата-ана сирек. Бұндай         жағдайда олармен мүмкіндігінше жылы қарым-қатынаста болуға тырысыңыз. Өйткені қанша дегенмен үлкендерді құрметтейтін халықпыз ғой. Егер бұл қолыңыздан келмесе, алыстан сыйласқан жөн. Себебі бұл жағдай түптің-түбі ерлі-зайыптылар арасында салқындық орнатуы мүмкін.

3. Қалта телефоны.

Техника дамыған қазіргі заманда ғаламтор мен қалтафон адамдардың қарым-қатынасын салқындатып отыр. Жұбайымызбен шүйіркелесетін уақытты біз ғаламторда отырып, телефонмен сөйлесумен, SMS жолдаумен өткіземіз. Сондықтан жан жарыңыздан қымбат ешкімнің жоқ екендігін ұмытпағайсыз.

4. Жұрттың көзінше ұрысып, кінә тағу.

Қоғамдық орындарда, көпшіліктің көзінше ешқашан ұрысушы болмаңыздар. Бұл – сіздердің жеке шаруаларыңыз. Сондықтан екеуера туындаған мәселелені екеуіңіз жеке қалғанда ғана шешіңіз.

5. Жанжал

Отбасы болғансоң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрушы ма еді. Бірақ бұнда да шектен шығуға болмайды. Бір-біріңізге тіл тигізбеңіз. Өз ренішіңізді жұбайыңыздан жоғары қоймаңыз. Шешілмейтін мәселе жоқ. Түсінісіп, ортақ шешімге келуге әрқашан мүмкіндік бар.

6. Үнсіздік.

Ешкім сіздің ойыңызды оқи алмайды. Тіпті сүйетін адамыңыз да. Қандай да бір түйткіл бар ма? Бір нәрсе ұнамай ма? Айтыңыз. Жақсы да, жаман да эмоцияны сыртқа шығару – психологиялық саулық кепілі.

7. Кешіру.

Қателеспейтін адам болмайды. Сіздің де қалт кететін сәттеріңіз болады. Сүйген адамыңызды кешіре біліңіз. Ренішті іште сақтамаңыз, жинамаңыз. Бұл салқын қарым-қатынасты оңалтады әрі күйзелістен сақтайды. Психологтар өкпе-реніштің адам денсаулығына кері әсер ететіндігін әлдеқашан дәлелдеген.

8. Қолайсыз уақыт, қолайсыз жер.

Маңызды мәселелерді қолайсыз жерде, қолайсыз уақытта талқылауға болмайды (мысалы, жұбайыңыз жұмыстан шаршап келгенде). Бұны кейінге қалдырғаныңыз жөн. Шаршап, жүйкесі тозып тұрған адамның сізді тыңдауға зауқы да бола қоймас. Қайта одан әрі ушыға түсетін шығар.

9. Қаражат.

Отбасы қаражатына ерлі-зайыптылардың екеуінің де үлес қосқаны жөн. Ұсақ-түйекке шүйлікпей, негізгі нәрселерді алдын-ала келісіп алыңыз: азық-түлікті кім алады, пәтерақыны кім төлейді, т.б.

10. «Түймедей нәрсені түйедей ету»

Ұсақ-түйек (нан сатып алуды, жейденің жыртығын жамауды ұмыту, т.б.) үшін ұрыса бермеңіз. Ұрыс-керіске күш жұмсағанша, дүкенге нан алуға бірге барып, серуендеп қайтыңыздар.  

11. Аңду.

Махаббат сенімге негізделеді. Жұбыңызға сеніңіз. Оның да жеке кеңістігі болуы керек. Оны сыйлаңыз. Телефонындағы SMS-тарды оқымаңыз, электронды поштасын қарамаңыз, қалталарын тінтпеңіз. Бұның бәрі қарым-қатынасты ушықтыра түседі.   

12. Қызғаныш.

Бірі: «қызғаныш – махаббаттың белгісі» десе, бірі: «бұл – менмендік және сүйген адамыңды сыйламау» дейді. Не десек те, қызғаныш сезімінен еркек те, әйел де зардап шегеді: бір күдіктен іші күйсе, екіншісі өзіне деген сенімнің жоқтығынан қиналады. Бұны қалай жеңбекпіз? Жай ғана адал болыңыз. Қызғаныш тудыратын жағдайлардан аулақ жүріңіз, өзіңіз де қызғанбаңыз.

13. Шамадан тыс сабырлылық.

Үйленген жұптардың көбі уақыт өте келе толысып кететіндіктерін байқадыңыз ба? Қарым-қатынастың байыптылығы мен үйлесімділігі жақсы, әрине. Бірақ бұл өз-өзіңді күтуді доғару деген сөз емес. Жұбайыңыздың сізді үнемі ұнатқанын қалайсыз ғой? Онда сымбатыңыз бен сұлулығыңызды сақтаңыз: дене шынықтырумен шұғылданыңыз, шашыңыз бен бет-әлпетіңізді күтіңіз. Бір сөзбен айтқанда, қашанда жарыңыз үшін тартымды болыңыз.

14. Салыстыру.

«Ескі махаббаттарыңызды» мүлдем ұмытыңыз. Олар өткен өміріңізде қалды. Қазір басқа адамды сүйесіз. Оны үнемі бұрынғы ғашықтарыңызбен салыстыра берсеңіз, қарым-қатынастарыңыздың быт-шыты шығуы ғажап емес.

15. 24 сағат бойы бірге болу.

Адам психологиялық-физиологиялық тұрғыда ара-тұра жалғыздықты қажет етеді. Жұбайыңызбен жабысып қалмаңыз. Керісінше, қаншалықты аз көріссеңіздер —  кездесулер соншалықты ыстық болмақ.

16. Өтірік айту. 

Өтірік су секілді ең мықты деген үйдің іргесін шірітіп, шайқалтуы мүмкін.

17. Өз-өзіңді алдау.

Кейде біз жұбымызға өтірік айтқандықтан емес, өз-өзімізді алдаусыратқандықтан қарым-қатынстарымызды бұзамыз. «Жанымдағы адаммен расында да бірге қартайғым келе ме?», «Бұл қарым-қатынасқа барымды салғым келе ме?» Осы сауалдарға шынайы жауап бермейінше, қарым-қатынастарыңызда үйлесім болмайды.

18. Өз-өзіне деген сенімсіздік.

Сіздің өзіңізге деген сеніміңіз қаншалықты төмен болған сайын, жұбыңыз да өзін соншалықты осал сезінеді. Өзіңізге сенбейтін болсаңыз, жұбайыңыз: «өз күшіне сенбейтін болса, ол маған не береді? Мен өзі дұрыс адамды таңдадым ба?» деп ойлауы мүмкін. Әрине, сізді төмендететін, өктемдігі басым адамнан да аулақ болған дұрыс. 

19. Мақсаттар. 

Әрі қарай не болмақ? Біздің қарым-қатынасымыз неге алып келеді? Жұбыңыздың мақсаттары сіздің мақсаттарыңызға сай ма, соны нақты білуіңіз керек. Егер әлі отбасын құрмаған болсаңыздар және жұбыңыз оны ойлап та жүрмесе, онымен қатынасты доғарудан қорықпаңыз.

20. Махаббатты бағаламау.

Махаббатты өзінен-өзі беріле салатын нәрсе деп қабылдамаңыз. Ол – тағдырдың сыйы. Жаныңыздағы адамға сізге деген сезімдері үшін ризашылық білдіріңіз.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть