МЕДИЦИНА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бет ауыстырылды

Бельгияда ел тарихында бірінші рет, ал әлем бойынша 19-шы рет адамның бетін ауыстыру отасы табысты өтті. Бет-әлпетін аяусыз бүлдіріп алған бельгиялық азаматқа жуырда ғана қайтыс болған донордың беті салынды. Гент университеті ауруханасының профессоры Филипп Блондэланың жетекшілігімен өткен ота 20 сағатқа созылды. Медицинаның әр саласынан 65 маманды қамтыған бұл бригада аталмыш отаға 3 жыл бойы дайындалған.

Науқасқа басқа кісінің бет терісі ғана емес, бет сүйектері де қондырылған.

19 жыл өткен соң есін жиды

Адамзат тарихында кісінің ұзақ жылдар бойы есінен танып жатуы жаңалық емес. Мұндай жағдай әр жерде кездесіп тұрады. Сонымен, поляк теміржол жұмысшысы 19 жыл ес-түссіз жатқаны осы сөзіміздің тағы бір дәлелі.

Бұл оқиға Польша коммунистік режимнің ықпалында өмір сүріп жатқан 1980-жылдары болған еді. Даму жолынан адасқан ел жоқшылық пен кедейшіліктің құрсауында өмір сүріп жатқан кез. Вагондарды тіркеу кезінде жұмысшы Ян Гржебски басынан қатты соққы алады да есінен танып қалады. Оны ауруханаға жеткізгенде дәрігерлер жан түршігер хабар айтады. Ян басынан алған жарақаты аз болғандай, ми рагімен ауыратыны анықталды. Дәрігерлер оның үш жылдан артық өмір сүрмейтінін айтқанымен, әйелі мен бала-шағасы түбінде Янның ес жинайтынына күмән келтірмейді.

Науқас отбасының қамқорлығында болды. Ақырында бұл тарих таңғажайып оқиғамен аяқталды. Ян Грежебски 19 жылдан кейін есін жиды. Ол оянғанда айнала тегіс өзгеріп кеткенін көріп таң қалды. Коммунистік режимнің орнына капитализм мен  демократия келіпті. Отбасында да өзгеріс көп: балалары есейіп, 11 немерелі болыпты.

118 күн жүрексіз жатқан жасөспірім

Оңтүстік Каролинаның тұрғыны Жанна Симонстың басынан таңғажайып уақиға өтті. Жас қыз өзінің жарамсыз жүрегін ауыстырғанша, төрт айға жуық жүрексіз өмір сүрді. Жанна ұзаққа созылған дилаптациялық кардиомиопатиядан жүрек қан тамырлары кеңейіп, қан жүрмей қалуынан зардап шегіп келген еді. Майями Хольцтегі балалар ауруханасының хирургтері жүрек ауыстырудың алғашқы шараларын жүзеге асырғанымен, ол дұрыс жұмыс істемегендіктен, қайтадан алып тастауға мәжбүр болды. Жаннаның өзі болса жүрексіз өмір сүріп жатты. Оның тұла бойына насос арқылы қан таратылып тұрды.

Балалар кардиохирургиясының директоры доктор Риччи: «Жанна  жүрексіз 118 күн өмір сүрді, оның қан айналымын екі насос жүзеге асырды», — дейді.

Иттер өкпе обырын анықтайды

Иіс бойынша арнайы үйретілген иттер өкпе обырын анықтайтын болды. Ғалымдардың дәлелдеуіне қарағанда, иттердің иіс сезгіштік қабілетінің күштілігі сонша, олар өкпе обырын асқынбай тұрып, ең алғашқы сатысында-ақ анықтап береді. Ал мұның өзі жаңа басталып келе жатқан ауруды тез-ақ сылып тастауға мүмкіндік береді.

Біздің төртаяқты достарымыз адамға ажал қаупі төніп келе жатқанын иіс арқылы сезеді екен.

Белгілер (тэгтер)
Закрыть