МЕДИЦИНА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Обырды бар болғаны үш минутта анықтауды үйренді

Жапон ғалымдары бір тамшы қан арқылы ерте кезеңдегі онкологиялық сырқатты анықтауға мүмкіндік беретін технология жасап шығарды.

Әдіс бір-ақ тамшы қан алу арқылы үш минут ішінде қатерлі ісікті, бастапқы сатыдағы асқазан, тоқ ішек және ұйқы безі обырын анықтауға мүмкіндік береді. «Бұндай технология басқа еш жерде жоқ», — дейді Сёва университеті жанындағы Тоёсю ауруханасымен бірлесе отырып,  жаңа технологияны ойлап тапқан MYTECH компаниясының ғылыми қызметкері Кацуюки Хасэгава.

Компания құрамы ерекше металдан тілімше әзірледі. Қатерлі ісігі бар науқастың осы тілімшеге тамызылған бір тамшы қаны ультракүлгін сәулемен және басқа да сәулелендірулермен өңделген кезде жарқырай бастайды, ал дені сау адамның қаны жарық бөлмейді.

«Бұл әлемдегі мүлде жаңа жетістік. Бұл әдіс өте қарапайым және оны кез-келген ауруханада ертеңнен бастап-ақ қолдана беруге болады», — дейді Хасэгава.

Дәлдігі жоғары медициналық құралдар өндіретін компания ғалымдары сондай-ақ асқазан, ұйқы безі мен тоқ ішек обырын анықтайтын әдіс ойлап тапты. Оларды клиника жағдайында қолдана бастау үшін бір жыл жеткілікті.

«Бұл үшін онкологиялық дерт түріне байланысты бір-бірінен ерекшеленетін бейнелердің базасын жасау керек», — дейді Хасэгава.

Қатерсіз ісіктері және онкологиялық кеселдері бар 20 науқастың қатысуымен жүргізілген тәжірибелер жаңа технологияның обырды үш-ақ минутта мүдірместен анықтап беретіндігін көрсетті. Ғалымдар енді алғашқы клиникалық сынақтар жүргізуге де болады деген ойда. 

Белгілер (тэгтер)
Закрыть