ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Адам мінезі мен ауру тығыз байланысты

«Бұл өзі не болып кетті?» — деп күйгелектене айғайлайды холерик. «Құдайдан соң бір өзіңе ғана сен», — деп әзілдейді сангвиник. «Ой, енді не болар екен?» — деп уайымдайды меланхолик. «Енді маған бәрібір, болары болды», — деп тұжырымдайды флегматик. Сайып келгенде, сыртқы ықпалдарға әртүрлі көзқараспен қарайтын адамдар әртүрлі ауырады екен. Өздеріңіз байқап көріңіздерші.

Бұл пікір Гиппократтан бастау алған

Өз-өзімізді қалай сезінетініміздің темпераментке (адам мінезінің ерекшеліктері) байланысты екеніне ең алғаш бағзы заманда Гиппократ назар аударған. Оның ілімі бойынша әр адамның ауруына тән сипаттар оның психикасының «құрамына» тәуелді. Ал адам психикасы оның ағзасындағы төрт сұйықтықтың қайсысының басым болатындына тәуелді. «Холе» сұйықтығы (бауыр бөліп шығарып, өтте жиналатын ылғал) мінезі күйгелек, әсершіл холериктердің ағзасында мол болады. Олардың жоғарыда аталған ағзаларының ауруға алдымен шалдығатынын болжау қиын емес.  

Ал, сырт қарағанда мінезі бірқалыпты көрінетін сангвиниктердің қауіпті жері – жүрек: оны сангвиниктердің бойында көп мөлшерде болатын «сангва» (жүрек тоқтаусыз бөліп тұратын ылғал) әлсіздендіреді. Мұндай мінезді адамдарды көбінесе миокард инфаркті күтіп тұрады.

Сіз флегматиксіз бе? Гиппократ ілімі бойынша сіздің әлсіз жеріңіз — асқазан. Бұған себеп – асқазанда көп мөлшерде жиналатын ашық түсті сілемей –  «флегманың» мол болуы. Іс-әрекетке асықпайтын, сабырлы флегматиктің «фирмалық» ауруы – асқазан жарасы. Шындығында, өзінің психологиялық орнықтылығының арқасында бұл топтың өкілдері басқа ауруларға азырақ шалдығады.

Жасқаншақ, тұйық мінезді меланхоликтер туралы бұлай айта алмайсыз. Гиппократтың қағидасына сәйкес, олар басқа темпераментті адамдарға тән сырқаттармен де ауыра береді, ал олардың ағзасында молырақ болатын «қара өт сұйықтығы» инсульттің дамуына қолайлы жағдай жасайтын көрінеді.

Әртүрлі мінезді адамдардың тамыр соғысы да әртүрлі

Гиппократтың тұжырымдарымен қазіргі дәрігерлер де келіседі. Заманауи медицинаның атасы әртүрлі сырқатқа шалдыққан адамдардың жан азаптарының өзіндік ерекшеліктерін байқаған.

Одан кейінгі замандарда Гиппократ тұжырымдарының дұрыстығы үнемі дәлелденіп отырған. Әртүрлі темпераменттегі адамдардың тіпті тамыр соғыстарының да әртүрлі болатыны – шындық. Меланхоликтердің тамыр соғысы әлсіз, ырғағы өзгермелі, толқын тәріздес болады екен. Мұндай тамыр соғысының жиілігі – минутына 83 рет. Шығыс емшілері мұндай ырғақты жыланның қозғалысына теңестіреді.

Ал флегматиктің тамыр соғысы көлде қалқыған аққудың қимылымен теңестіріледі. Әдетте, мұндай темперамент иелерінің тамыр соғысының жиілігі сирегірек, минутына 67 рет.

Белсенді, жайдары сангвиниктің жүрегі жиірек соғады –  68-75 рет.

Қызуқанды, өзгермелі холериктің тамыр соғысы бақаның секірістеріне ұқсайды, жиілігі —  минутына 76-83 рет.

Әрқайсысына дербес көзқарас табысты емдеу тәсілі

Сырқаттың мінезқұлқы мен темпераментіне гомеопатия ерекше назар аударады. Мұнда әр науқасқа дербес көзқараспен қарау, онымен тығыз байланыс орнату зор маңызға ие. Қабылдауға келген адамның денсаулығындғы ақуларды тәжірибелі гомеопат бірден аңғарады, соның нәтижесінде біртебірте қажетті дәрі-дәрмектерді дұрыс таңдай бастайды.

Дәстүрлі дәрігерлердің гомеопаттардан айырмашылығы – оларда мұндай ізденістер жасау құқығы жоқ. Бірақ мұнда да сырқаттың өзіндік ерекшеліктерін дербес түрде ескермей болмайды. Бұл әсіресе емдеу тәсілін таңдағанда маңызды. Тәжірибелі дәрігерлер сауықтыру тәсілін дұрыс белгілегенде ғана ем қонатынын жақсы біледі.

Емдеуде үйлесімділік қажет

Мәселен, үнемі алабұртып тұратын, шыдамсыз, шешімді тез қабылдайтын холерикке алдағы емдеу мерзімінің ұзаққа созылатынын айтуға мүлде болмайды. Мінез ерекшеліктеріне сәйкес холериктер қысқа қашықтықта жүгіріп, жақсы нәтижелерге тез жетуді қалайтын желаяқтар сияқты. Ұзақ жүгірісте жолдан шығып қалулары мүмкін. Бұндай адамдарды емдегенде олардың алдына үнемі жаңа мақсаттар қойып отыру керек.

Оның есесіне жайбасар, сақ қимылды флегматик асықпай, түбегейлі емделгенді ұнатады. Өз табиғатына орай, флегматиктер басқа сипаттағы адамдардың жүйкесін тоздыратын жағдайларға төзімді.

Бұл әсіресе меланхоликтерге тән қасиет. Өздеріне сенімсіз, батылдықтары әлсіз меланхоликтер – дәрігерлер үшін ең күрделі пациенттер. Оларды емделуге бейімдеу – шыдамдылықты, жүйке жұқартуды қажет ететін қиын шаруа. Бірақ сырқат меланхоликті тыныштандырып, жігерлендіріп отырса, дәрігердің еңбегі міндетті түрде ақталады.

Ал көңіл-күйі үнемі көтеріңкі, ертеңіне үмітпен қарайтын сангвиникке оның ешнәрсеге мойымайтын жігерлілігін, ауыр сәттерде бар қайратын жиып, қиындықтарды жеңе алатын қасиетін жиі айтып отырса, емдеу жақсы нәтижелер береді. Сангвиниктер өздері ауырғысы келгенде қалаған сырқаттармен ауырады деген де пікірлер бар.

Қаперді ұстайтын жайттар

Пациенттердің өздері де сауығуды жеделдете алады. Кез-келген темпераменттегі адамның сауығып кетуінің басты шарты сол адамның өз бойынан, өмірлік тәжірибесінен денсаулық тіректерін іздей білуі екенін психологтар зор сеніммен айтады. Ең алдымен қандай демалыс түрлерін ұнататыныңызды еске алыңыз. Бастысы – өзіңізбен өзіңіз үйлесімде болыңыз.

  • Холерик үшін ең жағымды демалыс – әсерлі, қозғалысты қажет ететін саяхаттар және адамдармен қарым-қатынаста болу.
  • Меланхолик белсенді демалысқа қарағанда диванда жатып алып, жақсы кітап оқығанды көбірек ұнатады.
  • Сангвиник жеңіл ғана нәтижелі жұмыстардан қуат алады. Олар: сурет салу, ән айту, іс тігу, ағаштан бұйымдар жасау.
  • Флегматик оңашада, таза ауада, табиғат аясында немесе сүйікті итімен бірге демалғанды ұнатады.

Оған қосып айтарымыз

Мамандардың пікірі бойынша, адам тағдыры мен денсаулығы оның темпераментіне ғана емес, әртүрлі жағымсыз әсерлеріне де байланысты. Сөтіп, біз өзімізге өзіміз ауру «жасап» аламыз.

Мұндай көзқарастың ең белгілі жақтастарының бірі – өзіне өзі көмектесу туралы әйгілі кітаптардың авторы  Луиза Хей.

Рак ауруынан хирургиялық ота көмегінсіз сауыққан Луиза әртүрлі аурулардың пайда болуына себепкер психологиялық жағдайларды зерттеу саласында көп жұмыс атқарды, сырқаттануға түрткі болатын сенім-пікірлерді өзгертуге байланысты «өзімен өзі жұмыс істеу» әдістемесін ұсынды. Мәселен, Луиза өткен бір кездердегі өкпе-ренішті, зор қайғыны, өзін-өзі жек көру сезімін обырдың себепкерлері деп санайды. Асқазан жарасы – жаңа, соны нәрсені меңгере алмаудан үрейленудің, оны меңгеруге қабілеттің болмауының салдары. Семіру түрлері – қорғауды, араша түсуді қажетсіну, өзін-өзі  жоққа шығару. Сусамыр – терең қайғы, өмірде рахат ешнәрсе қалмады деп сену. Бүйрек ауруларының себебі – қорқыныш, бауыр сырқатына өкініш, ауыр ойлар, асқақтық себеп болады.

Қ.Ахметова

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть