ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Балаға қалай дұрыс ұрысып, қалай дұрыс мақтау керек?

Бала тәрбиелеудің қиын екені жасырын емес. Бұл мақалада біз ата-аналарға баланы қалай дұрыс мақтау және қалай дұрыс ұрысу қажеттігін түсіндіруге тырыстық.

Ата-анамыз қандай да бір себептермен бізді тым көп мақтауға болмайды, әйтпесе тым ерсінсіп, шолжаңжап кетеді деп ойлады. Ал егер бөтен бір адам жетістіктеріміз мен жеңістерімізді байқап, мақтай қалса, біздің қандай да бір кемшіліктерімізді қарсы қоюға тырысты.

— Балаңыз керемет жүзгіш!

— Оқуды да дәл осылай қатырса ғой!

Біз өстік. Өзіміз осылай тәрбиеленген соң баламыздан жылы сөзді аяумауға тырысатын болдық. Сөйтіп сәті түсе қалғанда «Сіз менің алтынымсың!», «Олар саған лайық емес!» дей жөнелеміз. Кейде асыра мақтайтынымыз да бар.

Сонда қалай дұрыс мақтауға болады? Мұның да өзіндік қыр-сыры бар екен.

Жеке тұлғаны емес, істі мақтаймыз.

Жалпылама емес, белгілі бір әрекетті бағалаған дұрыс. Яғни, «Сен қандай керемет суретшісің!» емес, «Сен мына суретті керемет салдың!» немесе «Ойпырмай, мына жердегі жазуың әдемі екен!»

Біздің автоматты түрде айтатын бағалау сөздеріміз: «Жарайсың!», «Ақылдым» – бұлар тек кішкентай балаларға ғана жарайды. Егер сіз оларды ересектерге немесе жасөспірімдерге қатысты қолдансаңыз, сіз кері әсерге – қабылдамауға ұшырауыңыз мүмкін: «Менің жақсы не жаман екенімді, ақылды не ақылсыз екенімді бағалайтын сен кімсің?». Анағұрлым қауіпсіз нұсқалар: «Сен керемет шешім ойлап таптың» немесе «Сенің бұл ісің маған ұнады».

Балалар мадақтауды әртүрлі қабылдайды. Біреуіне сөз анағұрлым маңызды. Біреуіне анасының өзіне қарап, күлімсірегені керек. Енді біреуін құшақтау, қолын қысу қажет және т.б. Бұл қатынастардың ешбірін назардан тыс қалдырмаңыз, кезектестіре қолданыңыз.

Баланы орынды-орынсыз мақтай берудің қажеті жоқ. Жігерлендіретін  сөздер тым көп болғанда олар еленбай қалады. Өзіңізге расында да ұнайтын, маңызды санайтын, эмоция тудыратын нәрсе туралы ғана айтыңыз.

Балаға көп нәрсе үйренуге тура келеді. Алғашында бәрі сәтті бола  бермейді. Сондықтан керемет нәтижені ғана емес, сонымен бірге жұмыс барысын да мақтауға болады, тіпті бұл өкінішті нәтижелерге әкелсе де: «Сен  барлық әріптерді мұқият, әдемі жаздың! Сөздердің емлесін тексеруге уақыт жетіспегені өкінішті!», «Мен бөлмеңді өзің жинауға ұйғарғаныңа мақтанамын! Бірақ келесі жолы еденді жумас бұрын шүберекті әбден сығып ал».


Мүмкін, мақтаудың қажеті жоқ шығар?

Бала психологтарының айтуынша, баланы мақтау өте маңызды. Ол «Мынау – жақсы, ал мынау – жаман» деген өмірлік бағдарлар жүйесін осылай құрады. Бірақ мадақтаудың әділ, шын жүректен шығуы маңызды. Ересек адамның «Жарайсың!» деп, смартфоннан басын көтерместен механикалық түрде мақтауын бала: «Мені жайыма қалдыр!» деп қабылдайды.

Баланың ата-анасынан естуді армандайтын 15 сөзі

Ерлік жасауға ынталандырады:

1. Бұл сенің қолыңнан келеді!

2. Мен саған сенемін!

3. Берілме, қолыңнан келеді!

4. Осы бетіңнен қайтпа!

5. Сенің жетістіктеріңге қуаныштымын!

6. Жақсы жұмыс!

Мықты қолдауды сездіретін сөздер:

7. Біз командамыз!

8. Қажет болса, мен әрқашан көмектесемін.

9. Қателік жасаудан қорықпа.

10. Сенде мақтанатын нәрсе жетерлік.

11. Өзіңе сен!

12. Өз-өзің бол.

13. Сен керемет доссың!

14. Менің осындай ұлым (қызым) болғанына өте қуаныштымын!

15. Сенің шешіміңді құрметтеймін!

Мақтау сияқты, баланың өзін емес, оның әрекетін (жағымсыз) бағалаңыз. «Ебедейсізсің!» емес, «Меніңше, егер асықпасаң, қолөнерің жақсы шығатын еді!» деген дұрыс.

Тәртіпсіздік жасаған баладан бас тартпаңыз. «Кет! Маған мұндай жаман бала керек емес» деуші болмаңыз. Оның орнына: «Сенің әрекетің мені қатты ренжітті! Өзгенің заттарын бүлдіруге болмайтынын өзің де білесің ғой».

Боқтауға, мазақ етуге жол жоқ. «Жүрген бір ақымақ» деген сөз әлі ешкімді ақылды еткен жоқ.

Балаға ұрыса отырып, оны басқа балалармен салыстырмаңыз.


Бұзықтық жасаған балаға ұрысқанда ашу-ызаны басудың қажеті жоқ. Сіз робот емессіз, сіздің эмоцияларыңыз бар. Ұл мен қыз өз әрекеттерінің сізде жағымсыз реакциялар тудыруы мүмкін екенін түсінуі керек. Ең бастысы –  негативке тым берілмеу, боқтық сөз айтпау.

Баланың қабілетіне теріс баға беруге болмайды: «Сен не деген ақымақсың, мына есепті шығара алмайсың!» Қаншалықты қатты қаласа да, адам өзінің белгілі бір мүмкіндігінен асып кете алмайды. Ал ұрысу салдарынан ол қателік жасаудан қорқып, өз-өзін шектейді.

Тек жасаған әрекеті үшін ғана ұрысыңыз. Алдын алу мақсатында бұл мүлдем жұмыс істемейді.

Мүмкіндігінше аз ұрысуға тырысыңыз. Тек салмақты себеп болғанда ғана ұрысуға болады.  Әйтпесе, мақтау сияқты, бала сіздің ұрысқаныңызды мүлде елемейтін болады. Егер басқаша жасау мүмкін емес болып көрінсе, мәселе сізде деген сөз. Іс жүзінде, егер ата-ана не болса соған ұрыса беретін болса, демек олар өз эмоцияларына (үрей, уайым, бәрін өз бақылауында ұстағысы келу) төтеп бере алмайды. Мұндай аналар, әкелер (және ата-әжелер) өмірі айқайлайды да жүреді: «Мұрат, төбеге шықпа! Мен саған айтып тұрмын, барма, құлап кетесің! Қайдағы әткеншек? Ол суық және дымқыл! Неге тыңдамайсың? Әкеңе тентек болғаныңды айтып беремін!»

Өзіңіз ұстанбайтын ережелерді бұзғаны үшін баланы кінәлай алмайсыз. Бала іс жүзінде ережелерді сақтау маңызды емес,  сіздің жай айқайлағыңыз келді деген қорытындыға келеді.

Егер өзіңізді ұстай алмай, балаға ұрыссаңыз, одан кешірім сұраудан қорықпаңыз, тым қатты кеткеніңізді мойындаңыз. Эмоцияларыңызды түсіндіріңіз: «Саған айқайлағаным үшін кешір, өйткені ағашқа соншалықты биікке көтерілгеніңді көргенде қатты қорықтым! Бұл өте қауіпті, сақ бол!»

Бейтаныс адамдар сіздің көзіңізше балаңызға ұрысса, оларға қарсы тұрыңыз. Ресми түрде бөтен «тәрбиешінің» әрекеті дұрыс болса да, бұған жол бермеңіз. Бала сіздердің бір команда екеніңізді білуі керек. Бірақ жалғыз қалғанда бұл туралы не ойлайтыныңызды айтыңыз.

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть