МАХАББАТ МЕКТЕБІПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Еркек пен әйел арасындағы психологиялық айырмашылықтар

Мәселен, еркектердің әйелдерден ақылды екендігін, немесе әйелдердің еркектерден мейірімді екендігін дәлелдеу мүмкін емес. Алайда әйелдер мен ерлердің әр түрлі екендігі анық. Бірдей жағдайларда олар әр түрлі ойлап, әрекет етеді, олардың қабылдауы, ақпаратты өңдеу үдерісі де әр түрлі. Бұл ерлер мен әйелдердің милары құрылымының әр түрлі болуына байланысты, демек, олардың психологиялық көріністері де әр түрлі.

Мидың ер немесе әйел типі бойынша ұйымдасуы ұрықтанудан соң 6-8 аптада, яғни алғашқы жыныстық белгілер пайда болған кезде, басталады. Бірақ тек гендер ғана бізді әйел не еркек етпейді; көп нәрсе еркек жыныстық гормондарының бар-жоқтығына байланысты.

Ұрық денесінде еркек гормондарының болуы жыныс ағзаларының дамуымен тікелей байланысты. Құрсақта дамудың 6-8 аптасында гендер ұрықта ер не әйелдің ұрпақ дамыту жүйесін іске қосады. Осы жүйе өз кезегінде еркек гормонын өндіреді немесе өндірмейді. Осымен бір уақытта ми құрылымының қалыптасуы жүзеге асырылады.

Егер ұрық генетикалық тұрғыда әйел болса және жатырда даму барысында еркек гормондарының әсеріне тап болмаса, бастапқыда негізі қаланған ми құрылымы көп өзгеріске ұшырамайды. Бірақ егер ұрық генетикалық тұрғыда еркек және еркек жыныс мүшелерінің дамуы қалыпты болса, оның ерке гормондарын өндіруі нәтижесінде ми құрылымы еркек типі бойынша өзгере бастайды.

Кейде, жыныс ағзаларының толық дамығандығына қарамастан, генетикалық тұрғыда ұл бала болып табылатын ұрықта гормондардың өндірілуі мидың еркектікіндей ұйымдастырылуы үшін жеткіліксіз болады. Сонда жаңа туылған ұлдың миы белгілі дәрежеде «әйел миы» болады. Сол секілді, егер қыз бала құрсақта даму кезінде еркек гормондарының әсеріне ұшыраса, жаңа туылған нәрестенің миы белгілі дәрежеде «еркектікіндей» болады.

Бұл теория құрсақта даму шағында қандай да бір себептен гормонның қалыптан тыс мөлшерінен зардап шеккен балалардың дамуын бақылау кезінде және жануарларға тәжірибе жасау барысында дәлелденді.

Осы теорияны алғаш ұсынған және құрсақта даму кезінде әр түрлі гормондардың миға әсерін зерттеуге бүкіл өмірін арнаған Шығыс Германиялық ғалым Гюнтер Дорнердің тәжірибелері құрсақта даму кезіндегі жыныстық гормондар деңгейінің адамның сексуалдық бағытын белгілейтіндігін дәлелдеді.

Әйел мен ердің психологиялық сипаттарында қандай айырмашылықтар бар? Ерлер негізінен өз-өздеріне сенімді және тәуелсіз. Олар біршама дәрежеде тәуекел етуге және догматизмге бейім, ал әйелдер өз-өздерін төмен бағалауға, невротикалық мінезге бейім, көнгіш келеді.

Қоршаған әлемді қабылдау. Әйелдер қоршаған әлемді көбіне субъективті түрде бағалайды, өйткені негізінен өздерінің бір сәттік көңіл-күйі мен жағдайына сүйенеді. Ал ерлер болса, олардан гөрі объективті және сыншыл. Бұндай көзқарас еркектерге өз қызметінің нәтижелерін бағалау кезінде тән, ал әйелдер өз нәтижелерін эмоция тұрғысынан бағалауға ауытқып кетеді.

Өз көзқарасын белгілеу кезінде әйелдер беделді пікірлерге сүйенеді; күрделі жағдайларда белгіленген әрекеттер нормалары мен кестелерін сақтауға тырысады. Ерлер болса бұндай жағдайларда өз пікірлерін негізге алады.

Ерден гөрі әйелді сендіру оңай. Жалпы әйелдерді басқару да жеңілірек. Олар топ болып қысым көрсеткенде көнгіш, мамандықтарын туыстарының және таныстарының кеңестері бойынша жиі таңдайды. Бұған қарама-қайшы ерлер дербес, барлық мәселені өздері шешуге тырысады, қиын-қыстау кезеңдердің өзінде өзгелерден көмек сұрағысы келмейді. Өзінің қолына келетін нәрседе біреудің көмегіне жүгіну олар үшін намыс саналады.

Кәсіби жетістіктер. Мансапты да әйел мен ерлер әр түрлі бағалайды. Бір топ студентті зерттей келе, психологтар мынадай заңдылықтарды анықтады: қыздар оқудың мақсаты көбіне диплом алу деп көрсетсе, жігіттер мамандық алу және одан әрі мансап қуу дейді.

Үйде туындаған ұрыс-керіс кезінде еркектер мен әйелдер өздерін әр түрлі ұстайды: еркектер көбіне боқтаса, әйелдер жылауға бейім. Бұған қоса, әйелдер шыдамды және татуласуға ұмтылғыш. Алайда егер әйел ашуына мінетін болса, күйеуінің бүкіл қателіктері мен күнәларын еске салады. Ал еркек ұрыс шарықтау шегіне жеткен күннің өзінде оны туындатқан мәселенің нақ өзіне сүйенеді.

Дау-дамай кезінде де әйелдер делдалға зәру. Нәзік жандылар үшін делдалдың (немесе кеңесшінің) маңыздылығы соншалық, олар ерлерден гөрі психологтардың, психотерапевтердің және дәрігерлердің қолдауын жиірек қажетсінеді. Және де әйел үшін дәрігердің (психологтың, психотерапевтің) сырт келбеті маңызды. Егер ер адам өзгенің көмегіне жүгінетін болса, ол ең алдымен өзі сенім білдірген адамның іскерлік қасиеттеріне көбірек мән береді.

Әйелдер қиын сәттерде шынайы адамның ғана емес, кейде ойдан шығарылған тұлғаның да қолдауына зәру. Олар ерлерге қарағанда діннен жиірек жұбаныш табады, сыйынады және өз-өздерімен сөйлеседі. Сол себептен де көбіне нәзік жандылар діндар келеді.

Өндірістік салада әйелдер жеке қажеттіліктеріне байланысты, ал ерлер еңбек қызметіне байланысты жиірек дау-дамайға барады. 

Әріптестерінің, достарының немесе күйеуінің түсінбеушілігін әйелдер жеке өзін ренжіту деп түсінеді. Бұндай сәттерде әйел өзін жаулаған сезімдер туралы сөйлесуді қажет етеді. Егер белгісіздік сезімі жойылмаса, оған өз өкпе-назын жеңу қиынға соғады.

Стрестік жағдайға душар болған әйел көңілдегісін айтуға, өз сезімдері туралы сөйлесуге, сол сезімдерге байланысты нәрселердің бәрін біреуге ақтаруға зәру. Сөйлей бастағанда ол бір ғана мәселеге көңіл бөлмей, өткен де, болашақтағы да мәселелерді шарпиды. Эмоция шырмауындағы әйел өзін алаңдатқан нәрсенің бәрін жайып салғанда ғана көңілі жай табады. Өзін өзге кісінің тыңдап отырғандығын сезгенде ол біртіндеп стрестік ахуалдан, демек күйзелістен шығады. 

Әйел басқалардың өзін түсінбейтіндігін сезсе, оның айтуға қажетті тақырыптары кеңейе түседі. Соларды есіне алған оның көңілі одан әрі құлази береді. Егер әйелдің көңіл-күйі түсіп, оның себебі біреу болса да әйел бұндай себептердің бірнешеуін табады. Ол себептер ұсақ-түйек те, маңызды да болуы мүмкін. Әйел тек мәселенің шешімін табуды ғана емес, өзін босаңсытуды да ойлайды. Өзін тыңдап, түсінген дам табылғанда ғана иығынан ауыр жүк түскендей бір серпіліп қалады.

Барлық эмоцияларын сыртқа шығарған әйел өзін мазалаған нәрселерді нақты түсіне бастайды. Ол сонда ғана саябырсиды.

Өз басындағы қиыншылықтарды ұмыту үшін әйел басқалардың мәселелерін өз мойнына алуы мүмкін. Өйткені жақындарының, туыстарының, достары мен таныстарының шаруалары да талқыға түсерлік тақырып бола алады.  

Әйел мен ерлердің армандауы да екі түрлі. Ер адамдардың арманы, әдетте, жұмысқа, мансапқа, үлкен жалақыға байланысты. Әйелдердің армандары біртекті емес және тәуелсіз екі салаға бөлінеді – отбасы мен мансап. Тек үй шаруасындағы әйелдер ғана өздерін отбасына арнап, ана және әйел рөлін атқаруды қалайды.

Әрине, әйелдер мен ерлер арасындағы психологиялық айырмашылықтар абсолютті емес. Ерлердің мінезі мен іс-әрекеттерінде әйелдік сипат, және керісінше, әйелдердің мінезі мен іс-әрекеттерінде еркектік сипат бола беруі әбден мүмкін. Бұл да қалыпты жағдай.     

Д.Ким, психолог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть