ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Ониомания деген не?

Грек тілінен аударғанда, ониомания – onios – сату үшін, mania – ессіздік дегенді білдіреді. Бұл сырқатқа жалғыз АҚШ-тың өзінде 60 миллионнан астам шалдыққан. Батыс елдерінде де жағдай мәз емес. Бізде де соңғы кезде бұл тақырып теледидарда, басылымдарда қозғала бастады. Демек, бұл мәселе қазақтың да басында бар деген сөз.

Түкке қажеті жоқ тауарды сатып алып, бір рет болса да әрқайсымыздың аузымыз күйген. Ығырыңды шығаратын жабысқақ жарнама, көз тартар дүкен сөрелері, мерчиндайзерлердің құйтырқы амалдары – осының бәрі біздің қалтамызды жұқартуға бағытталған.

Сонда қарапайым тұтынушының өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын шопоголикке айналғанын неден байқаймыз?

Адамның табиғаты сол – біз жағымды эмоцияларды қажет етеміз. Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршағанда көңілімізді аулайтын, ләззат сыйлайтын нәрселерді іздейміз. Өмірі қабағы ашылмайтын бастығымыздан гөрі әдемі дүкендердің, сыпайы сатушылардың жағымды көрінетіні рас. Бұған тіпті құрбыларыңыз, дос-жарандарыңыз бен туыстарыңыз да кеңес береді. «Көңіл-күй болмаса, дүкен аралап, бір сергіп қайт» дейді.  

Ониомания қалыптан тыс жағдай ретінде бұрыннан белгілі. Ол туралы ХІХ ғасырда неміс психиатры Эмиль Крепелин жазған. Бұл ауытқу ауру деп танылған жоқ, десек те шопомания маскүнемдік, клептомания, ойынқұмарлық секілді синдромдармен қатар қойылып жүр.   

Адамдар қандай да бір затты оған ие болу үшін сатып алады. Ал шопоголиктер сатып алу үдерісінен ләззат алады. Көбіне тауар оларға сәйкес келмейді, қажет те емес. Олар кейде бір-біріне ұқсас бірнеше затты алады. Мысалы, сәні бірдей, бірақ түсі әртүрлі жейделер. Бұлардың көбін шопоголик бір де бір рет кимейді, үйіне апарған соң ұмытып кетеді.   

Үнемі сатып алуға деген тәуелділік әр түрлі көрініс береді. Бұған тек әйелдер ғана бейім деу дұрыс емес. Еркектер де қалыспайды. Әрине, ер азаматтар киім мен аяқкиімнен гөрі ұялы телефонға немесе ноутбуктерге әуес. Шопоголиктер кейде қажетті тауар да алады. Бірақ олардың бәріне тән белгі – не болса соны сатып ала беру, тым көп ақша жұмсау. Тәуелді адам зат сатып алғанда ғана өзін толыққанды, маңызды тұлға сезінеді.  

Соңғы зерттеулер ониоманияға шалдыққан әйелдерде зат сатып алу кезінде мидағы ләззат пен эмоцияларға жауап беретін бөліктің аса белсенді болатындығын анықтады. Ал тиімді ойлау қабілеті мүлде өшіп қалатын көрінеді.  

Психологтар ониомандарды 4 топқа бөледі:

  • Фанаттар. Бұлар дүкен, зат сатып алу десе есі шығады. Әңгімелері де тек дүкен аралау мен заттар туралы.     
  • Іскерлер. Тиімді ұсыныстарды, сатылымдарды, акцияларды жақсы көреді.
  • Әсершілдер. Аяқасты, күтпеген нәрсені сатып алуға бейім: сүт алуға ғана барып, сөмкесін толтырып қайтуы мүмкін.
  • Селқостар. Сирек сатып алады, бірақ дүкенді күні бойы аралай алады.

Ониомандар өздерінің жағдайы жөнінде, ішкі сезіміне есеп бере алмайды. Яғни кез келген тәуелділікке шалдыққан науқастан еш айырмашылығы жоқ.

Бойыңызда мына белгілер байқалса, сақ болыңыз:  

  • Заттарды түр-түсіне қарамай сатып ала беретініңізге айналаңыздағы адамдар күле қараса;  
  • Жоспарланбаған, қажетсіз затты сатып алғаныңыз үшін отбасында жанжал туса;   
  • Сатып алуға деген құлшыныңызды жеңе алмасаңыз, бірақ алғаннан кейін ол заттан көңіліңіз қалып, ашулансаңыз;  
  • Жұмсалған ақшаның мөлшерін бақылай алмасаңыз, оны мақсатқа лайық жұмсай алмасаңыз; 
  • Мүлде қажетсіз заттарды сатып алу әдетке айналса. Үйіңіз құдды қойма болса;
  • Өмірлік қиындықтар кезінде басқа сауықтардан гөрі дүкен аралап, зат сатып алу көбірек ләззат сыйласа. Тек дүкенде ғана өзіңізді толыққанды тұлға сезінсеңіз;
  • «Осы әдетімді доғарамын» деп өзіңізге үнемі уәде берсеңіз, бірақ сөзіңізде тұра алмасаңыз;
  • Дүкен араламасаңыз, ішіңіз пысатын болса.

Депрессия, яғни торығу – шопоголиктің жан жолдасы. Ол ылғи да рухани жайсыздықтан туындайды. Оның себептері балалық шақтағы мәселелер, адамдармен толыққанды қарым-қатынастың болмауы, өз-өзін төмен бағалау, жұмыссыздық, рухани сарқылу, сератонин гормонының жетіспеушілігі болуы мүмкін. Көбіне жеке бас мәселелері, терең психологиялық жанжалдар себеп. Бұндай жағдайларда, әрине, сізге тек маман ғана көмектесе алады.

Өкінішке орай, шопингке деген тәуелділік ауыр әлеуметтік зардаптарға соқтырады: адам қарызға батады, туыстарымен қарым-қатынасы бұзылады, мүлкінен, жұмысынан да айырылуы мүмкін. Жағдайы асқынса, ол қылмысқа, алаяқтыққа, ұрлыққа да баруы мүмкін.

Ониоманға маман ғана көмек бере алады дедік, алайда оның өзі ең алдымен басындағы мәселені мойындауы керек. Демек, емделуге келісім беруі тиіс. Олай болмаған жағдайда, бәрі бекер.       

Сақтық шаралары:

  • Көшеге көп ақша алып шықпаңыз;
  • Кредит карталарын пайдаланбаңыз;
  • Дүкенге тек қажетті заттардың тізімін жазып алып барыңыз және сол тізімнен ауытқымаңыз;
  • Киім, аяқкиім, қымбат косметика, иіссу сатып аларда бір күн ойлана тұрыңыз. Мүмкін, келесі күні олар туралы ұмытып та кетерсіз;
  • Өз-өзіңізді ұстау қиын болса, қолжетімді болмас үшін ақшаңызды туысыңызға не танысыңызға беріп қойыңыз.  
Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть