ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Қатыгездік қайдан шығады?

Қазіргі балалардың мінез-құлқына байланысты мәселе сөз болғанда, ең алдымен ауызға алынатын проблемалардың бірі – ұлдарымыз бен қыздарымыздың шамадан тыс ашушаң болып кеткендігі.

Мұның себеп-салдарын педагог мамандардың әрқайсысы әр түрлі айтатыны белгілі. Бірақ осы жерде бір нәрсе анық – бала табиғатындағы оғаш құбылыстар үшін әрдайым ата-ана кінәлі емес. Оның түп төркінін ата-анадан немесе олардың шыққан тектерінен немесе бүгінгі идеологиялық тәрбиедегі кемшіліктер мен кереғарлықтардан іздеген дұрыс. Әрине бұған қарап балалардың сондай қылықтарын көре тұра біз ештеңе істей алмаймыз демеу керек. Ашушаңдық пен қатаңдықтың да кішкентай адамның жан-дүниесіндегі сезім тербелістері екендігін ұмытпағанымыз жөн.

«Жақсы дос» деп аталатын әйгілі мелодрамада басты кейіпкер кішкентай ұлына: «Егер біреу балағаттаса, бірден төбелесудің керегі жоқ. Сен өзіңді машинаның ішіндемін, әйнекті жауып алдым, сөйлеп тұрған баланы көріп отырмын, бірақ дауысы естілмейді деп елестет. Міне, сонда оған жауап берудің орнына күлкің келетін болады» — дейді. Ойлап қарасаңыз, бұл табылған ақыл. Бірақ кез келген бала олай істей алмайды. Керісінше, ол өзін ренжіткен баланы қолындағы ойыншығымен салып қалуға, итеріп жіберуге дайын тұрады. Немесе ойнап отырған бала көңіліне жақпаса ойыншығын тартып алады, бекерден-бекер тиіседі, әйтеуір ренжітуге тырысады.

Мысалға, балалар ойнайтын алаңда күнде осындай оқиғаны көруге болады. Бір қызығы, ата-аналар да, тәрбиешілер де баланың мұндай қылығына ескерту жасаудың орнына үнемі қолпаштап жатады. Демек, біліп істесек те, білмей істесек те балалардың бойындағы ашушаңдықты астыртын қоштап оятатын біз өзіміз. Артынан олар неге бірбеткей, айтқанға көнбейді деп таңғаламыз.

Енді осындай мәселеге байланысты психологтардың не айтатындығына келейік. Әзірге психолог мамандар бұған қатысты бірегей ортақ пікірге келген жоқ. Олардың біреулері, ашушаңдық өзін-өзі қорғаудан туындайтын табиғи реакция деп санайды. Ал екіншілері, ондай мінез-құлықтың түп төркіні биологиялық қасиеттерде жатқан жоқ, басқаларға үстемдік жүргізсем деген табиғи ұмтылыстан туындайды дегенді айтады. Бұл баланы қоршаған өмірдегі дұшпандық пиғылдарға қарсылық болуы да ықтимал. Ең бастысы, ашушаңдықтың неден пайда болатындығы емес, ерте ме, кеш пе баланың мінезінде әйтеуір байқалатындығы.

Баланың бойындағы ашушаңдық тәрбиеге, оның бейімділіктеріне, өмір сүріп жатқан ортасына байланысты. Бұдан әрі ол есейген сайын мұндай мінезі бүркемелене түседі.Жалпы заңдылық сондай. Ойын алаңындағы ашу – кішкентай бөбектерге тән құбылыс. Өйткені олар бұл кезде қулық-сұмдықты, алдауды білмейді. Өсе келе ондай әрекетке айналасындағылардың тыйым салатындығын көргенде ол бүркеме мінезге көшеді. Әрине, оның ашушаңдығы мүлде басылып қалмайды, ол тек басқадай іс-әрекеттерге ауысады.

Шешесіне ренжіген бөбекті елестетіп көріңізші. Әрине ол анасына қарсы шыға алмайды. Яғни реніші ішінде қалады. Соңынан аулада немесе балабақшада ойнап жүргенде дөрекілік, ашушаңдық ретінде көрініс табады.

Одан соң тумысынан қатал, ашушаң балалар болады. Сондай адамдар қай жерде қашан болмасын қаталдықтарымен көзге түсіп жүреді. Бала кездерінде ондайлар, ойыншықты ішінде не бар деп көру үшін емес, жою, талқандау үшін бұзады. Ондай балалар айрықша педагогикалық тәрбиені қажет етеді.

Қалай дегенмен де ашудың адам бойында болатындығы анық әрі ол табиғи құбылыс. Мәселе оның өзгелермен қарым-қатынас барысында қалайша көрініс табатындығында.

Ашушаңдықтың басты себептері шаршағандық. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасындағы балалардың көбінесе жүйкелері бірқалыпты болмайды. Ондай балалар шаршаған сәтте ашуланғыш болады. Сондықтан олар бұрынғысынан да қатты шаршап, жылап немесе төбелесіп тынады. Мұндай балалардың қимылды ойындарын ұйықтардан 2 сағат бұрын тоқтатқан жөн. Жылы душ пен күндізгі демалыс пайдалы.

Кейбір балалар мен жаманмын, сондықтан да жаман болуым керек деп ойлайды. Бірақ өздерін жаман жағынан көрсететін мұндай балалар сәл-пәл сынның өзін көтере алмайды. Ондай балаларды «Сенің бұл қылығың үшін мен ұяламын» деп емес, «Сен осылай жасаған сайын мен өзімді жаман сезінемін» деп тәрбиелеу керек. Яғни баланың жеке басына емес, істеген ісіне сын айту керек.

Қорқыныш өзін-өзі қорғаудан туатын ашу. Егер бала бұрын үлкендерден зәбір көрген болса, ол белгілі бір жағдайларда алдын-ала қорғанысқа көшуі мүмкін. Мысалға балалар үйінің жетім қыздары бұрын ер адамнан зәбір көрген болса, оларды жалғызбасты әйелдерге береді. Өйткені ондай қыз балалардың бойында ер адамдарға қарсы қорғаныш ашуы пайда болады.

Мынадай жағдайларда баланы арнайы мамандарға  қаратқан жөн:

  • егер жануарларды қинағанды жақсы көретін болса
  • егер бала өзінің қатыгездігіне риза болып, оғаш мінез көрсетсе
  • егер тек қатыгездікке ғана көңіл көншітетін болса

Қоғамдық қатыгездік көбіне ер балаларға тән қасиет. Өйткені отбасының, ұрпағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді табиғат әу бастан-ақ ер адамның маңдайына жазған. Ал қаталдық дегеніміз сол сыртқы қауіпке қарсы тұрудың бір тәсілі.

Қыз бен ұл бала тәрбиесінің арасындағы айырмашылық та осыған байланысты. Мысалға, ұл балаларға «Сен еркек емессің бе, өзіңді-өзің қорғай білуің керек» деп үйретіп жатады. Өзге балалармен жанжалдасып қалған балалар тәрбиешіге немесе ата-анасына шағымданса, оны жолдастары мазақтап, әкесі сынайды. Осымыз дұрыс па? Сіз бұған не дейсіз?

Ләззат Сманқұлова

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть