ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

Жалқаулықты қалай жеңеміз?

Еріншектікті жойып, жұмыс істеуге өз-өзімізді қалай ынталандыруға болады?

Әр адамның өмірінде селқостық басып, ештеңе жасауға зауқы болмайтын кездер болады. Бұның себебі әртүрлі, алайда әркімнің басында мынадай мәселенің туатыны күмәнсіз – жұмыстағы жалқаулықты қалай жеңемін, өзімді бір нәрсе жасауға қалай ынталандырамын? Осы жайында әңгімелеп көрелік.

Ең алдымен сіздің неге жұмыс жасағыңыз келмейтінін анықтайық.

Еңбекке деген енжарлыққа мынадай жайттар әсер етеді: отбасындағы жанжал, үнемі стресс жағдайында жүру, денсаулықтағы кінәраттар, уақыттың басым бөлігін жұмыста өткізіп зорығу.   

Кейде жүктелген міндет адамның жеке мүмкіндіктеріне және мүдделеріне сәйкес келмей жатады. Сондықтан оған өз-өзін жігерлендіру қиынға соғады. Бұндай жағдайларда мәселені шешудің мынадай жолдары бар: демалу, қызмет саласын өзгерту, денсаулық күтіміне көңіл аудару, медитациялар жасау. Кейде бар болғаны ұйқыны әбден қандыру жеткілікті.

Тағы бір кең тараған жайт – себепсіз жалқаулық. Ол адамның өз міндеттерін ойдағыдай орындауына кедергі болады, мақсаттарына жетуін тежейді. Былай қарағанда, жұмыс істеуге дайын секілдісіз, ішіңізде жұмысқа деген қызығушылық та бар тәрізді, алайда жұмыс істеуге ерінесіз.

Бұны қалай жеңеміз?

Даму, даму, тағы да даму.

Ерік-жігеріңізді шынықтырыңыз, өзіңізді тәртіпке салыңыз, әйтпесе өміріңізді құр қиялмен өткізіп, мақсаттарыңызға жетпеуіңіз мүмкін.

Әлеуметтік желілер жалқаулықты жеңу жолында сізге серік бола алмайды.

Біздерге, ХХІ ғасырдың адамдарына, өз істерімізге ден қоюға кедергі болатын фактор – әлеуметтік желілерге және телефонмен сөйлесуге тым көп уақыт бөлуіміз. Тіпті қарапайым жаңалықтарды қарау біздің біршама уақытымызды алады. Өз-өзіңді тәрбиелеу, тәртіпке бағындыру бұл тәуелділікті жеңуге көмектеспек.

Мәселелерді рет-ретімен шешіңіз.

Дәл қазір сіздің мойныңызда тұрған міндеттерді тізбектеңіз. Сосын өзіңізге: «Бұны мен неге жасағым келмейді немесе жасай алмаймын?» деген сұрақ қойыңыз. Сізге жұмысқа ден қоюға кедергі болып тұрған түйткілдерді осылайша анықтайсыз.     

Жұмыстағы жалқаулықтың кең тараған себептері:

  1. Міндет тым қарапайым және іш пыстырады, демек түк қызық емес. Бұл міндетті жеңу оңай.
  2. Міндет тым қиын болғандықтан, қолға алу қиын. Бұнда алғашқы қадам жасау маңызды. Жұмыс барысында сізге жаңа идеялардың, ойлардың келері анық, сөйтіп жұмыс алға жылжи бермек.     
  3. Жүктелген міндетті қашан бітіру керектігі анық емес. Бастық тарапынан қадағалаудың болмауы да адамды тым босаңсытады. Бұндай жағдайда міндетті шешудің неге әсер ететіндігін еске түсіріңіз. Сіздің қатысуыңызды күтіп тұрған бұдан да қызығырақ міндеттерді есіңізге түсірсеңіз, бұл тапсырманы тез орындайсыз.     
  4. Жұмыс сіздің ішкі сенімдеріңізге қарсы. Бұнда мынаны ұғыну қажет: өз-өзіңізді жеңген соң сіз өзіңізді мақтан тұта аласыз ба? Әлде жұмысты өзгерткен жөн бе?

Жалқаулықты жеңу оп-оңай!

Мақсаттарға қол жеткізу үшін көңіл-күйіңіз бен ішкі қалауларыңызға тәуелді болмауды үйреніңіз. Олай болмаса, түкке қол жеткізбей, бос тіршілік етесіз. Өзіңді тәртіпке көндіру – адамды дегеніне жеткізетін ең мықты құрал.

Егер жалқаулық қыр соңыңнан қалмаса, былай жасап көріңіз:   

  1. Ми күрт өзгерістерге қарсы тұрады. Сондықтан әдеттерді біртіндеп өзгерту қажет. Ең бастысы – алғашқы қадам жасау. Дұрысы, күрделі міндеттерден бастаған жөн. Егер іске білек сыбана кірісу қиынға соқса, таңертең бірнеше ұсақ міндеттерді атқарып, бойыңызды «қыздырып» алыңыз. Сосын күрделі міндеттерге көшіңіз.
  2. Белгілі бір тапсырманы орындайтын уақыт аралығын белгілеңіз. Және бұл кезде ешнәрсеге алаңдамай жұмыс жасаңыз.
  3. Өзіңді тәртіпке бағындыру дегеніміз өзіңді қинап, шаршату деген сөз емес. Тынығуға да уақыт қалдырыңыз, әйтпесе организміңіз әбден тозып, қайтадан жалқаулық басады. Толыққанды ұйқы аса маңызды. Оңтайлы күн тәртібін белгілеп, соны қадағалауға тырысыңыз.
  4. Жұмыс орныңызды таза ұстаңыз. Егер жұмыс үстеліңіз ыбырсып жатса, жалқаулықпен күресу, өзіңізді тәртіпке бағындыру қиынға соғады.
  5. Өзіңізді ынталандыру жайын ұмытпаңыз. Әрбір жетістігіңіз үшін өзіңізді мақтап, аз-кем сыйлық жасап тұрыңыз.

Адамның өз-өзін белгілі бір тәртіпке көндіруі бір сәтте іске асатын дүние емес. Оның жемісін біртіндеп көресіз. Жұмыстағы жалқаулықты жеңу, өзіңді ынталандыру жолдарын білсеңіз, алға қойған міндеттерді оңай орындайсыз.

Қ.Д.Сайлауқызы, психолог

Белгілер (тэгтер)

Ұқсас мақалалар

Закрыть