СҰХБАТ

Бел құяңы

Қымбатты «Денсаулық» журналының  редакциясы!

Бұдан екі жыл бұрын көктайғақта аяғым тайып жығылып, шалқамнан құлаған ем. Сонан белім қатты ауырады. Алғашында белімнің  бұлшық еттері езіліп қалған шығар, бірте-бірте қалпына келер деген оймен елемей жүре бердім. Ал бүгінде сәл болса белім кілт етіп, бойымды тіктей алмай қаламын. Теледидарда жарнамаланып жатқан жақпамайларды жағып жүретін болдым. Бірақ оның да пайдасы шамалы сияқты. Енді не істеуім керек, кеңес берсеңіздер екен.

М. Садықова, Жамбыл облысы

Редакциямызға осы тақылеттес тағы бір хат келді. Оның иесі ешқандай себепсіз кейінгі жылдары белінде құяң пайда болғанын жазып, бұл аурудан емделудің жолын сұрайды. Осыған байланысты біз Алматыдағы «Нарымбетов және К» нейроортопедия, артрология орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты, белгілі травмотолог-ортопед Сәбит Мәдәліұлы Нарымбетовке жолығып, аталған екі хатқа байланысты  белдің құяң ауруы, оны емдеу тәсілдері туралы бірнеше сұрақ қойған едік.

Дәрігер Сәбит Нарымбетов былай деді:

– Біз бала кезімізде үлкен кісілердің «белімнің құяңы ұстап, кирелеңдеп әзер жүрмін» деген сөздерін жиі естуші едік. Қазір дәрігер-маман болғандықтан бұл аурудың сыр-сипатын терең білетін болдық. Ал енді дәрігер ретінде айтсам, құяңның медициналық атауы люмбаго. Люмбаго(lumbago)  латынның құяң, бел ауруы деген сөзінен алынған. Сондықтан біз бүгін әңгімемізде осы терминге көбірек орын бермекпіз.

Бұл ауруға шалдыққан кісінің белі тез «кілт» ете қалады, қозғалған кезінде, кеуде жағы күрт бұрылғанда белі қатты ауырып, қимылдауы қиындай түседі. Еңкеюі, отырып, тұруы ауырлайды. Құяң  (люмбаго) бір ұстаса бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін созылады.

– Бұл ауру қалай пайда болады, оның себептері қалай?

– Жоғарыдағы хат иесі баяндағандай, тайып жығылғанда, арқадан, бел омыртқа тұсынан қатты соққы тигенде немесе бірден ауыр жүк көтергенде бел омыртқа орнынан тайып, болмаса жарылып, жүйке талшықтарын қысып қалуы мүмкін. Бел омыртқа жарылған кезде шеміршекті ойып жей бастайды.   Сондай-ақ омыртқа шеңберінің суықтауы – фиброзит те құяң ауруына себепкер болады.

Сіздің қолыңыздағы екінші хаттың авторы ешқандай құлап, жарақаттанбасам да белім кілт етіп қатты ауырады, денем қозғалтпай қалатын болды деп жазады.  Люмбагоға шалдыққан кісілердің 90 пайызы бұл ауруды остеохондроздан табады екен. Бір ауруға бір ауру себепші деген осы. Остео – сүйек, хондра – шеміршек, оз – ауру, яғни остеохондроз  –  сүйек-шеміршек ауруы деген сөз. Жинақталған тұздың мөлшері артып кетуі салдарынан омыртқалардың арасында жарық пайда болады да, ол жүйке талшықтарын қысып қалады. Осыдан барып және белдің бұлшық еттері тартылып, науқастың белінде жан шыдатпас ауру пайда болады. Омыртқа жұлынының жаншылу дәрежесіне және құяңның пайда болу себептеріне байланысты адамның бойында әлсіздік пайда болады, аяқтары ұйыйды, адамның ертоқымға тиер құйымшақ тұсы жансызданып, зәрді ұстай алмау, іш қату сияқты белгілер біліне бастайды.

Люмбаго кезінде зақымданған омыртқааралық шеңбердің маңайындағы фиброздық сақина мен оған жақын орналасқан байланыс талшықтарындағы сезімтал рецепторлардың қозуы салдарынан қатты ауырсыну сезімі пайда болады. Осы қатты ауырсынудан қорғану мақсатында бұлшық еттер жиырылады да, бұл  науқастың жағдайын одан сайын ауырлата түседі. Сөйтіп, ауырсыну және бұлшық еттің қатаюы – люмбагоның негізгі белгілері. Сонымен қатар люмбагомен науқастанған кісі кейде басының қатты ауырғанын сезінеді.

Белге кенеттен артық салмақ түсуі нәтижесінде бұлшық еттердің қатты жиырылуы және қатты ыстықтан соң бірден суыққа шығуы,  қатты жаурауы, дененің көп уақыт бойы  қолайсыз жағдайда болуы, тұмау аурулары құяңның күшеюіне себеп. Ауыру сезімі көбінесе 1.4 – 1.5  және LS-SI омыртқааралық шеңберлер төңірегінде өрбиді.

Аурудың люмбалгия түрінің пайда болуына да осындай себептер түрткі болуы мүмкін. Люмбалгияның люмбагодан айырмашылығы  — мұнда белдегі ауру кенет және қатты күйде емес, ұзақ уақыт сыздап тұруымен ерекшеленеді. Әдетте, созылмалы люмбалгия әлсін-әлсін қозып тұрады, оның ұзақтығы 5-6 күнге созылады. Дерт күшейген сайын мұндай қозу кезеңі ұзара түседі және ауыруы да күшейеді.

Люмбагоның ишиаспен ұштасуы жиі кездеседі. Люмбоишиалгия кезінде бел ұйып, сыздап ауырады немесе ауыру сезімі ауық-ауық күшейіп, үңги шаншу сипатына ие болады, ол бұлшық еттерді, байланыс талшықтарын және сүйектерді тереңінен қамтиды. Ауырсыну сезімі қозғалғанда, жүрген кезде, жөтелгенде, күшенгенде күшейеді және бөксені, аяқтардың сыртқы жақтарын да қамтып алады. Арқа бұлшық еттері қатайған кездерде науқас бойын жаза алмай, бүгіліп қалады. Ауырсыну сезімі бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін, тіпті бірнеше тәулікке дейін жалғасуы мүмкін.

– Шын мәнінде бұл қиын ауру екен. Ал енді оны емдеу үшін қандай шаралар қолдануға болады?

– Люмбагоны емдеу шаралары қолданылмаса, омыртқааралық шеіберлердің тіндеріндегі дистрофиялық үдерістер дами береді, бұл белгілі бір кезеңде аурудың бұдан да ауыр түрге ауысуына әкеліп соғады. Ондай жағдайда қатты ауырсыну жиі қайталанып, мерзімі ұзара түседі. Омыртқа жұлындарының үнемі жаншылып тұруы аяқтардың мүлде жансыздануына, мүгедектікке жеткізеді. Сондықтан да люмбагоны өздігінен емдеу өте қауіпті. Ауыру сезімін бәсеңдететін дәрі-дәрмектер көмегімен емдеу, симптоматиялық терапия жасау мәселені  түп-түбірімен шеше алмайды. Люмбагоның нақтамасын дәл қою үшін омыртқа арасында жарықтың бар-жоғын анықтау қажет. Бұл МРТ диагностикасынан  міндетті түрде өту керек деген сөз. Дерттен толық құтылу үшін оның бастапқы себебін жойған абзал. Дәлірек айтсақ: омыртқааралық шеңберлердің зақымдалған тіндеріндегі зат алмасу үдерістерін қалыпқа келтіру қажет, омыртқааралық шеңберлердің орнынан ауытқуын азайтып, содан соң толық қалпына  келтірген жөн. Ол үшін люмбагоны интегралды (шоғырландырылған) медицина  әдістерімен емдеудің маңызы зор. Сол емдеу әдістерін қолдану арқылы  омыртқааралық шеңберлердің талшықтарында зат алмасу үдерісі қалыпқа келеді, қысылған жүйке талшықтары босайды,  бұлшық еттердің тартылуы тоқтайды,  омыртқаға түсетін салмақ реттеледі,  жүйке ұштарының қанмен қамтамасыз етілуі  және қоректенуі  жақсарады.

Емделу үшін рефлекстік және физиотерапия (ине шаншу, нүктелік массаж, моксотерапия, вакуумтерапия), остеопатия және жеңіл мануальдық терапия  әдістері қолданылатын кешенді терапия пайдаланылады. Люмбагоны және остеохондроздың басқа да түрлерін емдеуде осы әдістердің бәрін бір мезгілде қолдану тәп-тәуір нәтижелер беруде. Демек бұл  бел құяңын кешенді түрде емдеу қажет деген сөз.

Люмбагоның пайда болуына адамның шектен тыс семіріп кетуі де себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, сырқат нақтамаланған соң емдеу тәсілдеріне науқастың өзіндік ерекшеліктеріне қарай тағайындалған жеке емдәм де қосылуы керек.

Егер люмбаго асқынып кетсе оны хирургиялық әдіспен емдеуге тура келеді. Алайда, бұл дертті емдеуде міндетті түрде қолданылуға тиіс тәсіл  –  емдік дене тәрбиесі.

Люмбагомен ауырғанда  сүйекті қатайтып, оның  қоректенуін реттейтін (остеопротекторы), шеміршекті қалпына келтіріп, қоректенуін жақсартатын дәрілер  (хондропротекторы), остеонекрозды тоқтатып, жазылуға көмектесетін  (гемеопатиялық), беломыртқаның суығын қайтарып, ісігін азайтатын (НСПВТ) дәрілерді пайдалану ұсынылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Белгілер (тэгтер)
Закрыть